Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖАСЫМДА ҒЫЛЫМ БАР ДЕП ЕСКЕРМЕДІМ»

«ЖАСЫМДА ҒЫЛЫМ БАР ДЕП ЕСКЕРМЕДІМ»

Абайдың жастарды білім-ғылымға үндейтін, ақынның өзгеше ізденіс жолын көрсететін өлеңі.

Қашан жазылды?

Бұл өлеңді Абай Әбдірахман деген баласы Түмен қаласындағы реальный училищеде оқып жүргенде, Мағауияны, Күлбадан деген қыз баласын Семейдегі қалалық училищеде оқытып жүргенде жазған.

Қайда жазылды?

14 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» деген жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер байқалмайды.

Өлең не жайында?

Абай жасында ғылым қажет екенін ескермей, ер жеткен соң қолын кеш сермеп, одан мақрұм қалғанын өз басының айықпас қасіреті ретінде өкінішті сыр етіп шертеді. Бірақ бұл жерде ақынның өзегін өртеп отырған әйтеуір қатардан қалмай, сауат ашу емес. Өз замандастарынан оқуының да көбірек, білімінің де жоғарырақ екенін ақын жақсы біледі. Бұл білімге оның көңілі толмайды. Оның аңсайтыны – нағыз зерделі де терең ғылым жолы, өз мейірі қанып сусындай алмаған шығыс ғұламаларының еңбектері, кештеу болса да дәмін татып қалған орыс, батыс классиктерінің шығармалары, қазақ елінен гөрі дамудың неғұрлым жоғары сатысында тұрған елдердің ғылымы.

«Мен оған қол жеткізуден кеттім, ендігі кезек сендердікі», — дейді жас ұрпаққа. Осы тұста ақын нағыз кемеңгерлік танытып, өмір кілті саналатын сол білім, ғылымның бағдарламалық бағытын, оқитын жастың алдындағы мақсат-міндетін анықтап береді.

Қай жанрда жазылды?

Өлеңнің алғашқы шумағы 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылса, одан кейінгі шумақ аралас ұйқаспен келеді, ал соңғы 6 тармақ бірыңғай шұбыртпалы ұйқас үлгісінде. Бірақ шығарма басынан аяғына дейін «ескермедім, тексермедім, кеш сермедім, өстер ме едім, жек көрмедім, деп бермедім, төске өрледім, дес бермедім, теріс көрмедім» деген ұйқастар арқылы тұтас бір өлшемге құрылған бір тармақ ретінде оқылады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең қарақалпақ, орыс, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм1 қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазаққа қара сөзге дес бермедім.

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.

1Махрұм – бос, құр, бос қалу, құр қалу