Шәкірт Абайдың өзі ұстаз тұтқан шығыс ақындарының дәстүрімен сұлуды мадақтап сипаттап жазған өлеңі.
Қашан жазылды?
Ұйқасы мен ырғағы арабтың ғаруз өлшеміне сай бұл өлеңді Абай 1858 жылы жасөспірім шағында жазған.
Қайда жазылды?
3 шумақ өлеңді Абай Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқып жүрген кезінде жазған.
Қайда жарияланды?
Бұл өлең 1933 жылғы толық жинақта (Абай Құнанбайұлы Толық жинақ. – Қызылорда, 1933 жыл)және барлық басылымдарда жарияланған.
Өлең не жайында?
Бұл өлеңде шәкірт ақын, өзі ұстаз тұтқан Шығыс ақындарының дәстүрімен сұлуды мадақтап сипаттайды. Осы өлеңдерінің өзінен-ақ бала ақынның араб, парсы, түрік әдебиетімен ерте танысқанын көреміз.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 12 тармақтан тұратын 3 шумақты құрайды.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды орыс тіліне аударылған.
Иүзи – рәушан1, көзі – гәуһар2,
Ләғилдек3 бет үші әхмәр4.
Тамағи қардан әм биһтар5,
Қашың құдрет6, қоли шигә7.
Өзәң гүзәлләра рәһбар8,
Сәңә ғишық болып кәмтар,
Сүләйман, Ямшид, Искандәр,
Ала алмас барша мүлкигә.
Мүбәда9 олса ол бір кәз,
Тамаша қылса йузмә-йуз.
Кетіп қуат, йұмылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә?
1Рәушан, рушан (парсыша) – жарық, айқын, әдемілік.
2Гәуһар, жауһар (парсыша) – асыл тас.
3Лағыл (арабша) – асыл қызыл тас. Лағылдек – лағылдай.
4Әхмәр (арабша) – қызыл.
5Биһтар (парсыша) бетер, жақсырақ. Бұл жерде қардан да ақ деген мағынада.
6Құдрет (арабша) – күш. Бұл жерде ерекше жаратылған деген мағынада.
7Шигә (парсыша) – әдемі, сұлу.
8Раһбар (парсыша) – жол сілтеуші, бастаушы. Бұл жерде әдемілікке бастаушысың деген мағынада.
9Мүбәда (арабша) – егер де бола қалса деген мағынада.