1896
Абайдың көңілінде жүрген көрікті ойларын мақал-мәтел ретінде өрнектеп, дүниетанымдық көзқарастарын аңғартқан қара сөзі.
Қашан жазылды?
Мақал-мәтелдер арқылы адамдар арасындағы аса бір күрделі қатынастарды өзінше түсіндірген қара сөзін Абай 1896 жылы жазған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Қара сөз не жайында?
Автор қара сөзінде «қайғысыз адам – ойсыз жан» дей келе, қайғырудан да, ессіз қуанудан да сақтандырады. Не болса да мөлшермен болғаны – адам ісі, мөлшерден асқанның бәрі – шайтан ісі, осылайша адам болмысын тереңнен барлайды. Абай: «тұрлаусыз ғашық – тұл» дейді. Ол ғашықтықты айтып отырған жоқ, «ғашық» туралы ой қозғаған. Тұрлаусыздық болған жерде ғашық жоқ. Бірақ ғашық болу үшін, оны тану үшін тұрлаусыздық туралы білім болуы да орынды. Себебі ғашық – жүрек сенімі. Адам өзі жаратқан Алласына ғашық, қыз жігітке ғашық, бала әкесіне ғашық, т.с.с.
Ғашық – ақыл өлшеуіші емес, жүрек сезінуінен туады. Ол ақылдан емес, сезім байлығынан туады. Сондықтан ол тұрлаулы, егер де ғашық ақылға қатысты болса, онда оның тұрлаулы болуы екіталай. Ақыл деген – таным, ол қылшылдаған ұстараның жүзіндей тиген нәрсесін тіліп, тереңдей береді, тоқтау мен қажуды білмейді. Дүниені тану шексіз, демек ақылда тұрақтылық жоқ.
Қай жанрда жазылды?
Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз жетінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.
Қай тілдерге аударылды?
Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.
Отыз жетінші сөз
1. Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
2. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
3. Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.
4. Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.
5. Әкесінің баласы – адамның дұшпаны.
Адамның баласы – бауырың.
6. Ер артық сұраса да азға разы болады.
Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
7. Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың.
8. Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.
9. Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.
10. Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.
11. Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?
12. Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?
13. Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза, қуаты артында болғаны.
14. Қуанбақтық пен бақ – мастықтың үлкені, мыңнан бір кісі-ақ к…н ашпайтұғын ақылы бойында қалады.
15. Егер ісім өнсін десең, ретін тап.
16. Биік мансап – биік жартас. Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады;
Жікшіл ел жетпей мақтайды,
Желөкпелер шын деп ойлайды.
17. Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел,
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
18. Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық;
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық.
19. Тоқ тіленші – адам сайтаны,
Харекетсіз – сопы монтаны.
20. Жаман дос – көлеңке:
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың;
Басыңды бұлт алса,
Іздеп таба алмайсың.
21. Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас;
Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол.
22. Қайратсыз ашу – тұл,
Тұрлаусыз ғашық – тұл,
Шәкіртсіз ғалым – тұл.
23. Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің.