Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ОН ЕКІНШІ СӨЗ

ОН ЕКІНШІ СӨЗ

1892

Абайдың ар-ұждан тазалығын, адамгершілік қасиеттерін баяндаған, құдайға құлшылық етудің мән жайын адамгершілік-этикалық қасиеттермен ұштастырған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қазақтардың тұрмыстағы, харекетіндегі салғырттықтың дінде де орын алып отырғандығын көріп, қынжылудан туған ойларын ортаға салған Абай бұл қара сөзін 1890 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Абай Алланы сүюді, Алланы тануды ұрпағына аманат етті. Адам бойындағы адамгершілік, имандылық сынды қастерлі ұғымдар оның мұсылмандық парызын өтеудегі ғибратымен кемелдене түспек. Абай ғибадат етуімен Аллаға тағзым етіп, құрмет көрсетіп жүрген жанның асыл ісін, ізгі ниетін қолдайды. Мұсылман баласының құлшылықпен өткеретін парызын адал атқаруына ой жүгіртіп, толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де иман күшімен білмекке ұмтылудағы ыждахатымен атқаратын ұжданды істерін сарабдалдықпен таразылайды. Білмекке ұмтылу – шексіз кемелденуге деген асқақ ұмтылысынан өріс алатын ізгі құлшыныс екенін байыптайды. Оның екі шарты барын: біріншісі – иман сенімі діңгегінің берік, мықты болуын айтса, екіншіден – иман шартын үйренудегі қайрат жігерін жануымен жетіле түсудегі басты қасиеттерімен негіздейді. «Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» дейді. Білуге деген құмарлықты тежеуді, талаптанбауды, тұйықталуды имансыздық деп біледі. Хас мұсылманныңрухани кемелділікке, кісілік толысуға, адами жетілуге деген ұмтылысын құп көреді. Ғибадатқа адал жанның Алла Тағаланың берген нығметтеріне деген риясыз алғысымен мейірбанды сүйіспеншілігіне, шексіз ықыласына бөленетінін жеткізеді. Иман күшін нық сенімен нығайтудағы адамгершілік парызына адал мұсылманды жалған діншілдердің салғырттығы мен таяздығы, көзбояушылығы мен екіжүзділігінен сақтандырады. Сондай бояма екіжүзділердің шынайы мұсылмандық парызының парыз болмайтынына сын көзімен қарайды.

Абай исі мұсылман баласының қиянат пен зұлымдықтан, азғындық пен әдіпсіздіктен ада адамгершілігі зор, кісілігі шексіз ұжданды болуын көздеді. Адамзатты махаббатпен жаратқан мейірімі шексіз Алланы сүю ұрпағының қасиетті борышы деп білді.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі иманды сенім емес, таным тұрғысынан философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Он екінші сөз

Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин1, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі – иманның иғтиқатын2 махкамлемек3 керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин4, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт5 табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды.

Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.

1Ләкин (арабша) – бірақ.

2Иғтиқад (арабша) – сену, нану.

3Махкамлемек (арабша) – берік, мықты, орнықты.

4Уа-ләкин (арабша) – ал, бірақ.

5Кәмәләт (арабша) – рухани, даму, толықтыру.