Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ОНЫНШЫ СӨЗ

ОНЫНШЫ СӨЗ

1892

Абайдың бала мен әке арасындағы қарым-қатынас, ұрпақ тәлім-тәрбиесі туралы ой саптаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Бала тәрбиесіне қатысты тұшымды ойлар айтылған бұл қара сөзін Абай 1892 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кзедеседі.

Қара сөз не жайында?

Саналы ұрпақ, тәлімді ата-ананың өзгелер өнеге тұтар парасатын, сарабдалдығын зерделей отырып, құдайдан тілеп алған үрім-бұтағының қоғам өміріндегі тіршілік мәніне өзге қырынан келеді. Бір үміт пен бір күдікке толы алмағайып өмір ағымында бүгін бала, ертеңгі ел азаматы болатын өскіннің тәлім-тәрбиесіне, өсіп-өнуіне үлкен жауапкершілікпен қарауымызға ой салады. Өз бойыңдағы кесірлі мінезден, ойыңдағы бүтіндей жамандық атаулыдан толықтай арылмай тұрып, балаңа кісілік пен адами құндылықтар хақында өрелі талап қоюдың қисынсыздығы мен жөнсіздігін дұрыс көрсетеді. Ісің мен сөзің үйлеспеген соң балаңның арлы, адал, еңбекқор азамат болып шықпағанына өзгені кіналаудың қисыны жоқ. Абай сан ұрпақ бетпе-бет келіп отырған осы бір жоталы мәселені дұрыс көрсетеді. Өмір заңдылығы, қоғам тынысын дөп басып, ұрпақтар арасындағы моралдық-этикалық үйлесім, жеке тұлғаның отбасы және қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы келелі мәселе қозғайды. Әулетке сыйлы, әлеуметке пайдалы, қоғамға қажетті адам бойындағы асыл қасиеттер қандай болу керек деген мәселелерге бойлайды.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі бала тәрбиесі туралы философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Оныншы сөз

Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? 

Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?

Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?

 Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?

Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екі талай.

Хош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің, бұрынғы өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың.

Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір — қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны мазаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?

Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік.

Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды.

Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң тағы қайыршылыққа түседі.