Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

1892

Абайдың болашаққа үмітпен қарау, өз дертіңді өзің анықтау, өзіңді өзің аяусыз сынау – осылайша кеселді дерттен құтылу жолында әрекет ету сынды өмір философиясының қағидаларын баяндайтын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Халқына, оның ұсақ-түйек тіршілігіне қапа болған Абай бұл қара сөзін 1892 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Тұңғыш рет 1925 жылы «Таң» журналының (Ташкент) екінші санында басылған.

Қара сөз не жайында?

Абай қара сөзінде халқына, оның ұсақ-түйек тіршілігіне қапа болады. Ақынның күйзелісі – Асан қайғы іспетті, болашаққа үмітпен қарау, өз дертіңді өзің анықтау, өзіңді өзің аяусыз сынау, сөйтіп, кеселді дерттен құтылу жолында әрекет ету. Бұл өмір мен өлім болмысын қатар алып келе жатқан қазақтың философиясында сонау Қорқыт, одан бергіде Асан қайғыда молынан кездесетін ойлар жүйесі.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі қазақ халқы туралы философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Тоғызыншы сөз

Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай?  Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.

Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? — еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем,қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі.

Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық кайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.