Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

БЕСІНШІ СӨЗ

БЕСІНШІ СӨЗ

1891

Абайдың көкірегін кернеген шерлі сөзімен өзін ашындырған қоғамдық мешеулікті, әлеуметтік таным таяздығын сынға ала отырып жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Бесінші сөз алғаш рет 1939 жылы Абай шығармаларының жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Өрелі сападағы арлы, еңбекқор қазақты көруді аңсаған жаңашыл Абай жас баладай қайғысыз күйден арылмай отырған елінің қамсыздығын, енжарлығын, есерлігін орнымен ескертеді. Қазақ қайғысын «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген мақал-мәтелдері танытатынын мысалға алады. Мақал-мәтелдер өзегіне үңіліп, парықсыз ісіндегі кем-кетігін қазбалайды, баянсыз тіршілігіндегі кері кеткен мінезіне налиды. Қамсыз елінің ертеңі не боларына қапаланады.

Аталған мақалдарды таразылай отырып, ғылым, білім, әділет үшін бас қатырмайтын қандастарының мал үшін қам жейтініне ет жүрегі ерекше езіледі. Малды арамдықпен, залымдықпен, иттікпен, алдап арбаумен тауып отырғанын әшкерлеп, әкесімен жауласуды ұят көрмейтін арсыздығын бетіне басады. Қазақ қоғамының өзектімәселелерін көтеріп, қауымның ғылым, білім, әділет қамын жемей, мал үшін қайғыруы – халық санасының таяздығы, жетімсіздігі деп біледі. Ғылым-білімсіз ілгерлеу, сана серпілісі болмайтынын, әділетсіздік билеген қоғам қиянатқа, қараулыққа ұрынатынын ұғындырады.

Адам баласын аздырар келеңсіз қылықтардан арылмаған ортаның жас баладан несі артық деп қапаланады. Сондықтан да ұрлықпен, қулық-сұмдықпен, тіленшілікпен мал таппақты ақтап алудағы арсыздыққа қайғырады. Осынау кесір-кесапатты арына ауыр алып, жазалымын дейтінсаналы  жанның жоқтығынан үрейленеді. Ынтасы тек малға түскен балаң мінезді елінің мал бағумен тұйықталып қалуы, заманға сай басқа қаракетке талпынбауы қынжылтады. Міне, бұлардың жас баланың ақылынан несі артық деген сұрақ қойып, жас баланың ошақтан қорқататыны, ал жетесіздердің тозақтан қорықпайтынынан шошынады. «Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағына үлестіріп талатпасақ, біз де өзіңдей болмасақ, безеді екен», — деп күйінеді. Азат халық, іргелі ел, кемел ұлт болуды аңсаған ақын «Іздеген еліміз сол ма?» деп бодандықтағы болашақ бағдары бұлыңғыр қазақ қоғамының дертті мәселесіне күйінуімен құсаға батады. Елдік санасы кемел, рухани толысуы өрелі, саяси-әлеуметтік болмысы жетілген ұлттың ғана болашағы баянды болатыны өмір заңдылығы. Балалық жалған түсінікпен өмір сүріп отырған енжар, бойкүйез, есер халық өмір көшінен, заман ағысынан кенже қалып, өзгеге күлкі, басқаға құл болып қала береді. Абай ұлтының бойындағы сондай жамандық атаулыны аяусыз сынға алды, келер ұрпағын кесір-кесапаттан сақтандырады.

Қай жанрда жазылды?

Қара сөзде халық санасының өзіндегі надандық, қараңғылық салдарынан туатын мінді мінез, кемшін ой туралы философиялық талдау жасалады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Бесінші сөз

Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы — жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі — «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым — береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм1 болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.

Бұларының жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?

1Мағлұм (арабша) – мәлім, белгілі.