Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«БІР ДӘУРЕН КЕМДІ КҮНГЕ – БОЗБАЛАЛЫҚ»

«БІР ДӘУРЕН КЕМДІ КҮНГЕ – БОЗБАЛАЛЫҚ»

1886

Сыншы, ұстаз ақынның жас буынға арнап айтқан өсиет өлеңі.

Қашан жазылды?

Жас ұрпақты ойлы, қоғамға пайдалы өмір сүруге үндейтін ақынның бұл өлеңі 1886 жылы 41 жасында жазылған.

Қайда жазылды?

40 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Бұл өлең 1909 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» жинағында басылған (1-бөлік, Халық туралы, 9-бет). Текстологиялық зерттеулер бойынша өлеңнің кейбір басылымдарында айырмашылықтар кездеседі. Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1939 жылғы басылымдарда 1-шумақтың 4-жолы «Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық», 1933, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Дейміз бе еш нәрседен қорғаналық» деп алынған. 1909 жылғы жинақта 3-шумақтың 1-жолы «Демеңдер ойнас іске жұбаналық», 4-жолы «Көрсе қызар, күнде асық – диуаналық» болса, Мүрсейіт қолжазбаларында, 1957, 1977 жылғы басылымдарда ол «Демеңдер өнбес іске жұбаналық», «Көрсе қызар, күнде асық – дуаналық» түрінде берілді. Ал 7-шумақтың 2-жолы Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында, 1909, 1939, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Алдында уайым көп шошынарлық» болса, Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында «Алдында уайым бар шошынарлық». 1909, 1939 жылғы жинақтарда 8-шумақтың 1-жолы «Әсем салдық өлгенше кем қаларлық», Мүрсейіт қолжазбаларында, 1957, 1977 жылғы басылымдарда «Әсем салдық өлгенше кім қыларлық» делінген. Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында, 1909, 1957, 1939, 1977 жылғы жинақтарда 9-шумақтың 3-жолы «Қажазбассып өткізген қайран дәурен», Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында бұл жол «Қалжыңбассып өткізген қайран өмір», 10-шумақтың 2-жолы 1909 жылғы жинақта «Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық» болса, Мүрсейіт қолжазбаларында, 1939, 1957, 1977 жинақтарда «Үзілмес үмітпенен бос қуардық» деп алынған.

Өлең не жайында?

Өлеңде Абай жастықтың «көкірек зор, уайым жоқ», ештемеден қорғанбайтын қызықты кезін, «өлең айтып, ән салған», «біреуді қалжың қылып қолға алған», «қызды ауылды қырындаған» бозбалалық қылығын суреттейді. Алайда ақын жас ұрпаққа бозбалалықтың қызығымен жүре бермей, «қартаймастай көрмелік, ойланалық» деп тоқтау айтады. Сонда ұсынатыны – «ақыл табу, мал табу». Көрсеқызар болма, «қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып», «күлкі бақпа, өнер бақ» дейді. Өмірдің өткіншілігін, алдампаздығын Абай – «ат арықтар, тон тозар, қадір кетер» деген сөздермен бейнелеп, сондықтан «күлкіні онша күйлеп, шуламалық» дейді. Ақын өмірде адам безінерлік біраз қылықты сана өтеді. Олар – «жалынышты жалтаң көздік», «сүйкімді, икемі жоқ шалдуарлық», ұрлық, тентіреп тамақ асыраушылық, қалжыңбастық, т.б. Өлең соңында ұстаз ақын осыны ұғарлық бозбалалардың жоқтығына налып, ақыл айтуды өзіне парыз санаған ақсақалдың көңіл күйін бейнелейді. Шығарма негізінен, жас ұрпақты ойлы, қоғамға пайдалы өмір сүруге үндейді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынмен жазылған шұбыртпалы ұйқасты құрайды, әрқайсысы 4 тармақты 10 шумақ, барлығы 40 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, ұйғыр, қарақалпақ тілдеріне аударылған.

Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,

Қартаймастай көрмелік, ойланалық.

Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,

Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық.

Бар ойы – өлең айтып, ән салалық,

Біреуді қалжың қылып қолға алалық.

Қызды ауылға қырындап үйір болса –

Көңіліне зор қуаныш бір бадалық1.

Демеңдер өнбес іске жұбаналық,

Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.

Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,

Көрсе қызар, күнде асық – диуаналық.

Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,

Күлкі баққан бір көрер бишаралық.

Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Той болса, тон киелік, жүр, баралық,

Бірімізді біріміз аударалық.

Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,

Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.

Уайым – ер қорғаны, есі барлық,

Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық.

«Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар,

Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.

Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,

Алдыңда уайым көп шошынарлық:

Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,

Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.

Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,

Оған да мезгіл болар тоқталарлық.

Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,

Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық.

Басында әке айтпаса ақыл жарлық,

Ағайын табылмаса ой саларлық,

Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,

Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,

Үзілмес үмітпенен бос қуардық.

Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп

Жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық.

1Бада (парсыша) – мақтаншылық.