(М.Ю.Лермонтовтан)
1899
Абайдың М.Ю.Лермонтовтың «Парус» өлеңінің еркін аударған туындысы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді аударған уақыты басылымдарда 1899 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайүғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Өлең не жайында?
Шарқ ұрып іздену, алдан үміт күту – Абайдың бірталай шығармаларының басты сарыны. Сондықтан М.Лермонтовтың «Парус» атты алғыр ой, ұшқыр қиялға суарылған өлеңіне назар аударуы әбден түсінікті. М.Лермонтовтың осы бір ықшамды ғана лирикалық шығармасында қылқалам шеберінің қолынан шыққандай әдемі табиғат суреті мен сыршыл ақынның көңіл тебіренісі әсерлі ұштасқан.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 8 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Шығарма көлемі орыс ақынында да, қазақ ақынында да 12 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Мысал орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Жалғыз жалау жалтылдап
Тұманды теңіз өрінде.
Жат жерде жүр не тындап?
Несі бар туған жерінде?
Ойнақтап толқын, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап.
Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап.
Астында дария — көк майдан,
Үстінде сәуле — алтын күн.
Қарашы, ол бүлік құдайдан
Сұрайды дауыл күні-түн.