Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖАРЛЫ БАЙ»

«ЖАРЛЫ БАЙ»

(И.А.Крыловтан)

1898

Абайдың И.А.Крыловтың «Бедный богач» өлеңінен тәржімелеген туындысы.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді И.А.Крыловтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909жылыСанкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында текстологиялық аздаған өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында «Бай пайдамды тигізіп» деген 7-шумақтың 1-жолы 1945 жылғы басылымда «Бар пайдамды тигізіп» делінсе, 1909 жылғы жинақ негізінде бұл жол «Байлықпен пайдам тигізіп» болып берілген. 1945 жылғы жинақтағы «Кіріп келді есіктен» деген 8-шумақтың 2- жолы Мүрсейіт қолжазбалары бойынша 1954,1957, 1977 жылғы жинақтарда «Кіріп келді тесіктен» деп түзетілген. 21-шумақтың 2-жолы 1933, 1945, 1977 жылғы жинақтарда 1909 жылғы басылымға сәйкес «Дарияға таман жүз барған» болса, 1954, 1957 жылғы жинақтарда «Дарияға жүз барған» делінген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 23-шумақтың 2-жолы «Өзі әбден жүдепті» болса, 1933, 1957, 1977 жылғы жинаққа сүйеніп «Өзі де әбден жүдепті» түрінде өзгертілген.

Өлең не жайында?

Оқиғаның негізгі мазмұны, айтар ойы ортақ болғанымен, тәржіманда бірлі-жарымды өзгешеліктер бар. Орыс ақынының мысалы тікелей жарлының байлық туралы ойынан басталса, қазақ ақыны алдымен жалғыз шалмен таныстырады. Түпнұсқада жапырайған лашығында ойланып жатқан жарлының 11 жолдық монологын 23 жолға жеткізген. Мысалдағы «тойып тамақ ішпей, ұйқы қанбай, тірнектеп жинаған байлық қажет пе? Өлген соң бәрі де қалады» деген бір шумақпен берілген ойды 3 шумақпен, қазақ оқырманына ұғымды етіп, кеңейтіп аударған. Түпнұсқадағы ақша жинап баюдың сауда-саттығы әлі дами қоймаған қазақ даласы үшін тосындау болатындығын ескеріп, «мал табу» баламасын қолданған. Ақын шығармасында қазақ байларының кейбір ұнамсыз қылықтарын әшкерелеу мақсатында «ант атты», «тәңірі атқан» сияқты қарғыс тіркестерді пайдаланған. Червонец-ділдә, алтын кошелек-дорба, река-дария болып аударылған. Түпнұсқадағы әлгі шал бірнеше рет әмиянды өзенге тастамақ болса, ақын дорбаны суға тастауға оны жүз рет барғызып, оқиғаны нақтыландырады. Крыловта жарлы тоғызыншы миллионды санап жатқанда қайтыс болады да, мысал аяқталады. Абайда да солай, бірақ аударманың соңына: Алтын қайда, сөз қайда?Қу нәпсіден не пайда? – деген тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тыңнан қосқан. Нәтижесінде Крыловтан аударған «Жарлы бай» мысалы қазақ оқырмандарының ұғымы мен тұсінігіне сай ақынның тел туындысындай болып шыққан.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7, 8 буынды, аралас ұйқаспен кестеленген. Көлемі тұпнұсқада 74 жол болса, аударма 97 жолдан тұрады. Ақын мысалдың жалпы мазмұнын сақтап еркін аударған.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Жаман үйде жалғыз шал,
Өзі – кедей, күңіренді.
Өзі көрген байлардың
Мінезінен жиренді.
Өзіне-өзі сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
„Обал жоқ осы байларға
Мал қызығын көрмеген.
Жақсы төсек, тәтті ас жоқ,
Жан қадірін білмеген.
Салпыл қақты, түн қатты,
„Мал-мал!» деді, мал тапты.
Байыған сайын күтім жоқ,
Пейілі кетті, ант атты.
Қартайғанша қақақтап,
Бұл тәңірі атқан талмай ма?
Иттеніп жүріп өлмей ме,
Өлсе, бәрі қалмай ма?
Маған бітсе осы мал,
Жанымды неге қыстар ем?
Мың теңгені бір сомдай
Қызығыма ұстар ем.
Сән-салтанат жүруім
Болар еді татымды.
Есітер еді алыс жер
Қызықты жомарт атымды.
Байлықпен пайдам тигізіп,
Сыйлар ем алыс-жақынды.
„Сараңның – дәулет – өз соры»,
Деп айтыпты ақылды.
Аузын жимай бір адам
Кіріп келді тесіктен, –
Жәдігөй ме, шайтан ба? –
Әйтеуір әлгі сөзді есіткен.
Келе сала сөйлейді:
–Байлықты керек қылдың сен.
Қылайын деген ісіңді
Мен есіттім байлықпен.
Сен мына бір ішінде
Ділдәсі бар дорбаны ал!
Бірін алсаң және бір
Ділдә дайын, қолың сал.
Санап ала бер дағы,
Дегеніңдей бола қал.
Қанша керек болса да,
Міне дәулет, міне мал.
Бірақ, байғұс, айтайын
Мұның бір сертін, қатты антын:
«Дорба қолда тұрғанда,
Ұстауға жоқ бір алтын.
Дорбаны әуел дарияға ат,
Тойғаныңша ал дағы.
Онан соң өзің білесің,
Ұстай бер қайтып бар дағы».
Дорбаны беріп, жоғалды,
Аң-таң қылып байғұсты.
Есін жиып алған соң,
Дорбаға кедей жабысты.
Айтқанындай дорбаға
Қолын салды, бірді алды.
Және бірі дап-дайын,
Есі шығып таң қалды.
«Таң атқанша осылай
Бере берсе бұл дорба,
Талай алтын жиям ғой,
Ертең менен бай бар ма?»
Қалбалақтап түн бойы,
Алып бақты бұл сорлы.
Қанша алтын алса да,
Тоя алмады ол ғұрлы.
Қарайды да алтынға,
Қомсынады «аз ғой»,– деп,
«Қыстау керек, үй керек,
Сән-салтанат, расход көп.
Азар болса аштыққа
Тағы бір күн шыдармын.
Алтын ассын есептен,
Содан кейін армансыз
Қыл дегенін қылармын».
Үйіндегі бір нанды
Бір ай жеді аз-аздан.
Бір күн түгіл, бір айды
Ынсап қылмай ол жазған.
Дорбаны суға салғалы
Дарияға таман жүз барған.
«Бүгінше тұрсын, өлмен»,–деп,
Үйіне қайта апарған.
Дорбаны сауып тыныштықсыз
Бір ай түгіл, жыл өтті.
Алтындай жүзі сарғайды,
Қол дірілдеп, әл кетті.
Ассыз, сусыз, дерт жеңіп,
Өзі де әбден жүдепті.
Тоғыз миллион санарда
Ажал жетті, күн бітті.
Алтын қайда, сөз қайда?!
Қу нәпсіден не пайда?