Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАЗАҒА ҰРЫНҒАН ҚАРА ШЕКПЕН»

«ҚАЗАҒА ҰРЫНҒАН ҚАРА ШЕКПЕН»

(И.А.Крыловтан)

1898

Абайдың И.А.Крыловтың «Крестьянин в беде» өлеңінен тәржімелеген өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді И.А.Крыловтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Аударма Мүрсейіт қолжазбаларының негізінде алғаш рет 1909 жылыСанкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1957, 1977 жылғы жинақтарда 3- шумақтың 3-жолы «Сыр жалаңаш түк те жоқ» түрінде берілсе, 1909, 1933, 1954 жылғы жинақтарда бұл жол «Тыр жалаңаш түк те жоқ» делінген. Мүрсейіт қолжазбаларында 9-шумақтың 4-жолы «Өзіңнен болды-ау — деседі» болса, басылымдарда бұл жол 1909 жылғы жинақ негізінде «Өзіңнен болды, — деседі» болып алынған.

Өлең не жайында?

Мысалдың атындағы «в беде» сөзі аудармада «қазаға ұрынған» деп өзгеше берілген. Ауқатты шаруаны «бай» деп алған. Түпнұсқада сарайға бір ғана ұры түссе, аудармада ұрылар лапкені бұзып талқандайды, үйін де үптеп кетеді. Абай аудармасында бай ұрыны іздеп таба алмайды. «Қарны да әбден ашады, Ішеріне шай да жоқ». Крылов кейіпкері көпшіліктен көмек сұрайды. Абайда ол жылап, мұңын шағады. Орысшасында ақыл-кеңес берген тамырының, құдасының, көршісінің нақтылы аттары аталса, қазақшасында олардың есімдері көрсетілмеген. Крылов мысалын басыңа іс түссе достарың ақыл-кеңеске жомарт келеді де, нақты көмек керсетуге келгенде жақсы досыңның өзі саңырау қалады деп түйіндейді. Осы ойларды Абай ағайынға күнің түссе – көмектің орнына «бейшара» мен «байғұс» сөздеріне қарғыс тигендей боласың деп қорытады.

Қай жанрда жазылды?

Мысал өлең 7-8 буынды шалыс ұйқас (-а, -б, -а, -б) өрнегімен кестеленген. Түпнұсқа көлемі 39 жол болса, аударма 56 жол. Ақын түпнұсқаның жалпы мазмұнын сақтап еркін аударғанымен, мысал өлеңде өзгерістер бар.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Қорасына бір байдың
Түнде кірді ұрылар.
Қазынасы қайда сондайдың,
Аңдығыш, білгіш құрғырлар.
Біліп кеп тұрған лапкесін
Бұзып, талқан етіпті.
Түк қалдырмай әммесін,
Үптепті де кетіпті.
Қайғысыз жатып, қарны тоқ,
Ұйқысы қанып тұрды бай,
Тыр жалаңаш, түк те жоқ
Лапкесі, үйі айнадай.
Есі шықты, көрді де,
Ұры иттің қылғанын.
Ойбай салды, білді де,
Қаса сорлы болғанын.
Кешегі елдің бір байын
Бір түнде қалай мұнша алу?
Ояна келсе, дап-дайын
Қайыршы болу, қап салу.
Ойбай салды, зарлады,
Құр қайғыдан пайда жоқ.
Төңіректі шарлады,
Ұрыны табар айла жоқ.
Қарны да әбден ашады,
Ішеріне шай да жоқ.
Қайтерін білмей сасады.
Осындайлар қайда жоқ?
Ағайынын, дос-жарын
Жиып алып үйіне,
Жылады шағып мұң-зарын,
Болыстық қыл деп күйіне.
Бәрі ақылды, бәрі есті,
Бәрі желдей еседі. –

Болмас еді бұл, – десті, –
Өзіңнен болды, – деседі.
Біреуі айтты: – Лапкеңді
Мұнша алысқа салмау ғой,
Аулаққа тастап әрнеңді,
Бүйтіп ғапыл қалмау ғой.
– Аузың күйді аулақтан,
Енді жақын салсаңшы.
Қабаған біздің мойнақтан
Бір күшікті алсаңшы.
Бір күшікті сіз үшін
Берейін, құда, келтіріп.
Жылда талай күшікті
Бос қырушы ем өлтіріп.
Бөз орнына сөз беріп,
Құда, тамыр, дос кетті.
Қол ұстамай, көз көріп,
Айтқан арыз бос кетті.
Ағайынға іс түспек  –
Ол бір үлкен қарғыс қой.
Аларың сонда ең күштеп  –
«Бишара» менен «байғұс» қой.