Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ТЕРЕКТІҢ СЫЙЫ»

«ТЕРЕКТІҢ СЫЙЫ»

(М.Ю. Лермонтовтан)

1898

М.Ю. Лермонтовтың «Дары Терека» өлеңінің аудармасы.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді М.Ю. Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 3-шумақтың 2-жолы «Бұлттың сүтін ішіп ержеткенмін» делінсе, 1957, 1977жылғы жинақтарда бұл жол 1933 жылғы басылым негізінде және орысша түпнұсқасына сүйеніп («Вскормлен грудью облаков») «Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін» болып алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1907, 1910 және 1909 жылғы жинақта 7-шумақтың 5-жолы «Қартаң Каспий қалтиған бойымен» деп берілсе, кейінгі басылымдарда Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасы бойынша «Қартаң Каспий қалғыған бойыменен» түрінде қабылданған. 1933, 1945 жылғы жинақтарда соңғы шумақтың ақырғы жолы «Қатынды алды, қытықсыз араласты», 1954, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол 1909 жылғы басылым негізінде «Қатынды алды, қитықсыз араласты» ретінде түзілетін.

Өлең не жайында?

Абай түпнұсқаның жалпы мазмұнын алып, еркін аударған. Шығармада өзен мен теңіздің тілдесуі түріндегі ерекшелік сақталған.

Қай жанрда жазылды?

Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған.Орысша түпнұсқасы 76 жол, қазақшасы 38 жол. Абай өлеңді еркін аударған, алайда жалпы мағынасын, көркемдік құнын қазақ оқырмандарына ұғынықты етіп жеткізген.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.

Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.
Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.

Кавказдай құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін.
Казбектен, ағам, сені көксеп шығып,
Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.

Зор кеуде адамзаттың айласына
Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп, айғайласам,
Шын құтырсам шың тасты тербеткенмін.

Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал.

Әкелген бұғы менен маралым бар,
Адамнан тартып алған көп малым бар.
Ер-тоқымы, атымен, қаруымен
Ер шеркесті әкелген амалым бар.

Мұның бәрі – тартуым сізге, – дейді,
Ақылыңды айт, ақсақал, бізге, – дейді.
Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,
Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді.
Қартаң Каспий қалғыған бойыменен
Терекке көзін ашып үндемейді.

– Азырқандың, білемін, ақсақал шал,
Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.
Казак-орыс қатыны бір сұлуды
Әкеліп ем, қайтейін, оны-дағы ал!

Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,
Жылы жүзбен Терекке амандасты.
Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,
Қатынды алды, қитықсыз араласты.