(М.Ю. Лермонтовтан)
1897
М.Ю. Лермонтовтың «Я не хочу, чтобы свет узнал» өлеңінің аудармасы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді М.Ю. Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда 1897 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Қүнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Өлеңнің идеялық мазмұны қазақ ақынына жақын, өте түсінікті еді. Абай Лермонтов сияқты жалғыздық сезіміне бойын жеңдіріп, күйреуге салынбаған. Өзін «судан қайтпас», «үлкен жартас», «үлкен жан» деп сезінді, өзінің қандай қиыншылыққа болса да, «теңізден таудай толқын соқса-дағы» «бет бүрып» қайтпайтын күрескер екендігіне сенді. Осы ой-сезімін ол аудармада да шебержеткізеді.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасыменжазылған. Туынды екі ақында да 16 жол. Аударма түпнұсқаға мағынасы жағынан өте жақын.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Менің сырым, жігіттер, емес оңай,
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның — арым мен бір-ақ құдай.
Жүрегім екеуіне жалбарынар,
Рақымдық пен әділ сор деп жалынар.
Мен тентек пе, түбінде кім жазалы,
Қайғыны жіберуші өзі сынар.
Надандар былшылдайды, құп алмайды,
Үлкен жанның қиялын ұға алмайды.
Теңізден таудай толқын соқса-дағы,
Жағадағы жартасты жыға алмайды.
Құдай мықты жаратқан үлкен жартас,
Былш-былш еткен, бет бұрып, судан қайтпас.
Бұлтта суық дауыл, жаймен сырлас,
Өзгені жан екен деп сырын айтпас.