(М.Ю.Лермонтовтан)
1893
Абайдың орыс ақыны М.Ю.Лермонтовтың «Не верь себе» атты өлеңінің Абай тәржімелеген сом бітімді көркем нұсқасы.
Қашан жазылды?
Өлең 1893 жылы Абайдың 47 жасында тәржімаланған.
Қайда жазылды?
40 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.
Өлең не жайында?
Абай орыс әдебиетінің айтулы ақыны Ю.Лермонотовтың «Не верь себе» поэзиялық туындысын шеберлікпен аударған. Көлемі түпнұсқада да, көркем аудармада да 40 жол. Абай Ю.Лермонтовтың сыршыл өлеңдерін аударуда көркемдік үндестік, эстетикалық үйлесім тауып жатады. «Өзіңе сенбе, жас ойшыл…» өлеңі сондай ғажайып үндестіктен туған шоқтығы биік поэзия жауһарларының бірі.
Ақын және қоғам арақатынасы, ақын және қоғам арасындағы тартыс табиғаты қашанда өзекті болған. Сондықтан да өнер үйлесіміндегі үндестікке сәйкес қос ақын да адам баласының жан әлемін сұрқиялық пен жамандықтан арылтып, сұлулық пен ізгілікке бөлейтін поэзия құдыретіне, оның сыршыл сезімге толы әсемдік әлеміне бейқам әрі немқұрайлы қарайтын қоғам болмысына, әлеумет келбетіне тосырқай да жатсына қарайды.
Лирикалық қаһарман тіл өнері дертпен тең деп, көңілдің жүгін қиял қыл деген ақындық әлемінің құпиясына бойлайды. Алабұртқан жас ақынға өнерді қасиет тұтып, ойға ұмтыл, шығармашылық шабыт шалқарында бол деген өнерпаздық ұстанымын айтады. Ақындық өнер мехнаты мен қиындықтарына бойұсынбай үнемі алға ұмтылу қажеттігіне ой салады. Елдің мұңын, қайғы-қасіретін айта алмасаң өрелі өнерің, өршіл өлеңің кімге қажет деген батыл ойын сипаттайды. Қайғы мен зарға жығылмай, қайсар мінезіңмен қарсы тұр, ақындық және азаматтық арыңды аласартпауға тиіссің деп түйеді.
«Жаныңа түскен жаранын Іріңін нетсін надандар» деп ақын және тобыр арақатынасын салмақтайды. Қара басын ғана күйттейтін тобырдың ақынның кіршіксіз таза жанын, нәзік сезімін, әсемдік әлемін түйсінудегі таяздығын айтып, ізгілік пен мейірім шуағын дарытатын поэзия құдыретін қайтсін деп те күйінеді. Өнерге, өнерпазға бейқам қарайтын немқұрайлыққа деген ақын жанының сезім иіріміндегі мұңын шағады. Көркемдік әлем құпиясына жетелейтін қуатты өлең өнер, ақындық биігіңде қал деген өршіл оймен қорытындыланады. Өнер тылсымына ой жүгірткен поэзия өнерді шын жүректен ұға білетін үлкен сезім, заңғар таным, өрелі талғам керектігін түйсіндіреді. Сырлы сұрақ, саналы сауалмен наданның көзін ашып, жан әлемін нұрландырумен поэзияның эстетикалық мұратын, көркемдік міндетін салмақтайды [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.198-199]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең көңіл-күй және психологиялық лирика жанрында жазылған. Өлең 7, 8 буынды шалысұйқаспен жазылған.
Өзіңе сенбе, жас ойшыл,
Тіл өнері дертпен тең.
Көңілдің жүгін қиял қыл,
Ызаға тұтқын бой мең-зең.
Қасиет тұтып, ойға ұмтыл,
Қан қайнап, қуат егілсін!
Онан гөрі еңбек қыл,
Улы сусын төгілсін!
Ойлай берсең, ой деген
Не қызыққа келер кез.
Кісі айтпаған, білмеген
Күй әдемі, тәтті сөз.
Тыңдама оны, ұмыт сен,
Бүркен-дағы, бар да жат.
Тамылжытып айтқанмен,
Қыла алмассың сен қымбат.
Кез болсаң қайғы, я зарға
Құрсатса тілді ұмтылтып,
Алып шықпа базарға,
Асаудайын бұлқынтып.
Қайғы-дертің мейлі мың,
Саудаға салмаң өзіңе ар.
Жаныңа түскен жаранын
Іріңін нетсін надандар.
Біліп оған не керек,
Ішіңнен қайғы жемесең,
Жалтаңдаған жас жүрек
Байғұс-ай десін демесең.
Өз бойыңа болып сақ
Жан-жағыңа қараңдар!
Күн көріп жүр күліп-ақ
Сенен басқа жарандар.
Олардың да ешбірін
Қайғы аман қойған жоқ шығар.
Ойлап, байқап көр түрін,
Таттырмап па дүние зар?
Күлкі болмай, қой, жаным,
Сен бүйтесің, ол қайтті?
Олар көрген арманын
Кімге шақты, кімге айтты?