(И.В.Гете – М.Ю.Лермонтовтан)
1892
Абайдың асыл сөз алыбы орыс ақыны М.Ю.Лермонтовтың «Из Гете» өлеңінен аударған классикалық өлеңі.
Қашан жазылды?
Әлем әдебиетінің хас шабыттан буырқанып, шын жүректен шамырқанып туған классикалық көркем үлгісі санатындағы шығарманы Абай 1892 жылы 46 жасында тәржімалаған.
Қайда жазылды?
8 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударған.
Қайда жарияланды?
Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.
Өлең не жайында?
Табиғатпен етене жақын өмір сүрген қыр перзенттері адамзат өмірі мен табиғат құбылысының көңіліне ұйыған әсем жарасымы, көркем үйлесімі сынды мәңгілік тақырыпты жырға қосып келді. Абай табиғат тылсымын, жыл мезгілдерін суреттеуде классикалық әлем әдебиетінің дәстүрін қазақ сөз өнерінде түрлендірді, жаңғыртты. Әдеби көркем аудармаларымен шеберлік мектебінің тың үлгісін, соны өрнегін салды. Жаһан әдебиетіндегі адамзат пен ғаламзат арақатынасының табиғи жарасымындағы тынымсыз да толассыз тіршіліктен кейінгі тыныштық қалауындағы шат-шадыман арманға толы үзілмес желіні аңсау сарынымен түрлендірген Гете, Лермонтов үндестігімен жаңа өреге шығарды. Абай түпнұсқадағы мәңгілік сарынға, сырлы ойға, толассыз сезімге, күйлі толқынға бір мысқал нұсқан келтірмейді. Құрыштай қуатты сырлы сезіммен түрлендіреді, қыр перзентінің сұлулық әлемімен (эстетикасымен) көмкеруімен поэтикалық биікке шығарады. Ақын табиғат мезетін ойшылдықпен астастырып, мазасыздық күйіндегі жан нұрының тербелісін, сезім құбылысын құбылтады, ғаламның ғажайып сұлулығына тұшындырады. Жан әлемінің құбылысын жаратылыс тылсымымен жымдастыра қиыстырады. Өлеңнің сыртқы түрі мен ішкі сырын ұлттық дүниетанымға, ұлттық болмысқа барша табиғи қалпымен үйлестіреді. Тұнық тұма табиғат үйлесіміндегі жанға жайлы тыныштық, мәңгілік сарын, азаттық аңсары, өмірге деген шексіз құштарлыққа толы іңкәр сезім жосыны көңіл жадыратады, рухыңды серпілтеді. Әдемі әуезімен сезім сиқырын арбап, көңіл түкпірін баурайды, жүректің қыл пернесін тербейді. Шын шабыттан буырқанып, шын жүректен шамырқанып туған толағайдай классикалық өлеңімен асыл сөз алыптары үнемі арқау етіп отырған рух жасампаздығымен мәңгілік сарындарға үн қосты [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.197]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңіне барша адамзат баласының сырлы сезімін, көк дөнендей көңілін тербейтін жан толқытар классикалық ән шығарды. Алғашқы рет нотаға композитор Л.Хамиди 1935 жылы А.Ысқақовтың айтуы бойынша жазып алған. 1984 жылы музыка зерттеуші Қ.Жүзбасов әнші Қ. Байжановтан 1958 жылы (магнитофонға) таспаға жазылған үлгісін және М.Мұқамеджановадан жазылған нұсқасын нотаға түсірген. Қазіргі уақытта бұл әннің З түрі белгілі.
Қай жанрда жазылды?
Өлең абайтанушылар тарапынан лирикалық-философиялық миниатюра деп бағалануда. Өлең табиғат және көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан тұрады, барлығы 8 жол. Өлең шалыс ұйқас үлгісімен жазылған.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.