Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АЛ, СЕНЕЙІН, СЕНЕЙІН»

«АЛ, СЕНЕЙІН, СЕНЕЙІН»

(М.Ю.Лермонтовтан)

1893

Абайдың орыс ақыны М.Лермонтовтың «Исповедь» өлеңінен жасаған көркем аудармасы.

Қашан жазылды?

Ішкі сырын ақтарып, өзін тебірентіп жүрген толғақты жайттарға жауап іздеген өлеңін Абай 1893 жылы 47 жасында аударған.

Қайда жазылды?

28 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Өлең Ю.Лермонтовта – 24 жол, Абайда – 28 жол. Түпнұсқа өлеңнің бірінші жартысының мағынасын толық сақтай отырып аударған Абай Лермонтов әлеміне терең бойлауымен өзекті идеяны күйшейтеді. Ұлттық болмыс ерекшелігін ескеріп отырады («монах» сөзін «сопы» деп алуы). Лермонтов туындысының торығу мен түңілу, арылу мен өкіну сарынындағы түп өзегінен өрбитін мұңға толы ой ағысын үстемелеп, өз жанының мұңлы көңіл толқынымен астастырады. Сыршыл да сыншыл ақын ішкі сырын ақтарып, өзін тебірентіп жүрген толғақты жайттарға жауап іздейді. Өткінші дүние, бақилық болған қимастары жүрегін қан қылған қайғылы Абай ақыл азабымен жанталаса аласұрады, жанына жақын тұтар жақсылардың бірін таппай жабырқаған жалғыздық тақсыретін тартқан мұңын шағады. Бәрі алдағыш сұм жалғанның қорғасындай ой салған жан жегісінен тұла бойы уланып күйінеді, ет жүрегі егіледі. Жақсылыққа, адалдыққа сенген ақ пейілінің өмір ағысында қайшылыққа ұрынуы, қажу мен налу сарыны риясыз көңілмен сипатталады. Сенгіш болмауға, алданбауға ой салады. Өмірдің қайшылықты ақиқатын түйсінеді. Нанғыштығынан өткен өмір, өлген жанның жүрегін қан қылған тұрақсыздығы, бәрі алдағыш сұм жалғанның тұла бойды улағанына налиды. «Басыңа тиді, байқадың, Бәрінен басты шайқадың. Тағы бар ма айтарың? Нанғыш болсаң, енді нан!» деген қуатты ойға құралған жігерлі түйінімен өмір қайшылығының ақиқатын түйсінеді, жігерін қамшылайды [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.195]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Туынды 7 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған.

Ал сенейін, сенейін,

Айтқаныңа көнейін.

Шалма ораған сопының

Ішін арам демейін.

Ақ көңілді әділ жан

Табылар деп көрейін.

Я сүйсе, я күлсе,

Елжірейін, төнейін.

Жаралы көңіл жазылар,

Дүниеде рахат бар шығар.

Жақсы адам деген құры сөз

Емес шығар, табылар.

Өткен өмір, көрген түс

Не қылғанда бір болар.

Деп нанып ем «маған нан»,

Не таптым мен нанғаннан?

Жүрегімді қан қылды,

Өткен өмір, өлген жан.

Ақыл іздеп, ізерлеп,

Бәрін сынап сандалған.

Бірін таппай солардың,

Енді ішіме ой салған.

Тұла бойды улатты,

Бәрі алдағыш сұм жалған.

Басыңа тиді, байқадың,

Бәрінен басты шайқадың.

Тағы бар ма айтарың?

Нанғыш болсаң, енді нан!