Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАУАБЫ»

«ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАУАБЫ»

(А.С.Пушкиннен)

1889

А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан тәржімелеген өлеңі, Онегиннің Татьянаны жұбатып айтқан сезінің аудармасы.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Алғашқы рет1909ж. Санкт-Петербургте жарық керген «Қазақ ақыны ИбраҺим Қүнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945жылғыжинақта 3-шумақтың 3-жолы «Ол перизат ойды өзің біл» болса, 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда 1909 жылғы жинақ бойынша «Ол — перизат, ойла, өзің біл» болып алынған. 1945, 1954,1957, 1977 жылғы басылымдарда шығармасының соңғы шумағы: «Ол –жас ағаш, бір қызыл гүл, Жапырағы жаңғырар, Сорлы Онегин, жолды өзің біл, Қай тарапқа каңғырар», — деп қабылданса, 1909 жылғы жинақта: «Ол – жас ағаш, жас қызыл тал, Жапырағы жаңғырар, Сорлы Онегин, жолды езің біл, Қай тарапқа қаңғырар», -деп берілген.Бірақ, «жас қызыл тал» 3-жолдағы «жолды езің біл» мен үйлеспейді. дл, Абай аудармасында басынан аяғына дейін әр шумақтың 1-жолы мен 3-жолы ұйқас келіп отырады. Осыған қарағанда 1-жолдың «Ол — жас ағаш, бір қызыл гүл» болуы орынды сияқты (Мурсейіт қолжазбасы бойынша).

Өлең не жайында?

Қай жанрда жазылды?

Абай үзіндінің жалпы мазмұнын сақтай отырып, мейлінше еркін жеткізген. Өлең 7-8 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Өлең түпнұсқада 68жол, Абай аудармасында 76 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Таңғажайып бұл қалай хат,

Мағынасы – алыс, өзі жас?

Сөзі орамды, әр түрі жат,

Және әдепті, және рас.

Жас жүректің толқынын дөп

Жаза алыпсың толтырып.

Бойды жеңіп бұл асыл леп,

Тұрды титық көп құрып.

Тіл буынсыз, бой – таза гүл,

Ақылы артық, ары зор.

Ол – перизат, ойла, өзің біл,

Не болады болса қор?

Ішім өлген, құр денем cay,

Босқа үрейім жүр менің.

Жарамайды бекер алдау,

Теңің емес мен сенің.

Пенде көрген бар қызықтың,

Бәрін ішкен сұм жүрек.

Айныған соң, сен жолықтың,

Айтып-айтпай не керек?!

Тәтті дүние көңілімнен

Кетті менің, нан маған.

Енді бізге бір өлімнен

Басқа түк жоқ арнаған.

Мен – жаралы жолбарыспын,

Жұрттың атқан оғы өтіп,

Сен есірке, сорлы жаспын,

Шын сөзіме рақым етіп.

Бала сүйер, жар сүйерден,

Түк неме жоқ, тұр денем.

Сен – тоты құс бақта жүрген,

Қай жерімнен пар келем.

Ерге барған ер танымай,

Ер қызығын кім көрер.

Шығарына жол таба алмай,

Қайғыменен босқа өлер.

Айнығыш ер тартса салқын,

Бал сұрасаң, береді у.

Қазымырлап сөздің артын…

Қасиеттен бетті жу.

Мен – сынық жан, жамағанмен

Түзеле алман түрленіп.

Теңің емес, біл, саған мен,

Не қыласың кірленіп?!

Әйел өлмес соқпа дерттен,

Сауыға алмас сынған ер.

Мен – көмірмін қалған өрттен,

Енді рұқсат бізге бер.

Сенің өмірің гүлденіп тұр,

Есігін тап, көр қызық!

Менің өмірім – бір суық сұр,

Күзгі күндей тұр бұзық.

Бірге туған мен ағаңнан,

Шын досыңмын, кем емес.

Соққы жедім сұм заманнан,

Бір жылы сөз ем емес.

Арман етпе, жас күнің көп,

Игілік көр, ерге бар!

Бұл заманның қашқыны деп,

Мен ғарыпты есіңе ал.

Менде паңдық, жат мінезден

Дәнеме жоқ, жарқыным.

Осы жазған барша сөзден

Байқалынар бар шыным.

Басы қатты, сұм жүрегін

Тоқтата алмай кетті де.

Сорға біткен көкірегін

Сендіре алмай өтті де.

Бар денемнің бәрі – бір мұз,

Қайрылуға жарамас.

Мына дәулет, мына асыл қыз,

Болды маған арам ас.

Ол – жас ағаш, бір қызыл гүл,

Жапырағы жаңғырар.

Сорлы Онегин, жолды өзің біл,

Қай тарапқа қаңғырар.