(М.Ю. Лермонтовтан)
1880
М.Ю. Лермонтовтың «Дитя в люльке» (1829) атты шығармасының аудармасы. Түпнұсқасы неміс ақыны Д. Шиллерден алынған («Das Kind in der Wiege», 1796).
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді М.Ю.Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда екі түрлі көрсетілген (1880, 1882).
Қайда жазылды?
1 шумақтан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Бұл өлең алғаш 1933 жылы Қызылордада жарық көрген толық жинақта басылып, содан бергі негізгі басылымдарына енгізіліп келеді. Тек өлеңнің жазылу кезеңі 1939 жылғы жинақта 1855-1884 ж. аралығы, 1945 жылғы жинақта 1880 жыл деп көрсетілген.
Өлең не жайында?
Өлеңнен азаттық, теңдік, бауырластық, адамгершілік идеяларын жан-тәнімен қабылдаған ақынның бүкіл шығармашылық жолына тән өршіл романтикалық сарынның, зорлық-зомбылыққа, озбырлыққа, теңсіздікке көнбеген қайсар күрескерлігінің өшпес таңбасы, айрықша болмысы айқын көрінеді, жалғыздықтың, жан азабының салқын лебі, арман-өкініші сезіледі. Адам ер жетіп, азамат болған шағында не себептен кең дүниеге сыймайтынын қазақ оқырманының көзқарасына, ой-өрісіне лайықтап ұғындырады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең бір шумақтан тұрады, көлемі 4 жол. Көне гекзаметр ырғағын қазақтың байырғы 11 буынды қара өлең жүйесіне салып, әдемі кестелейді. Абай Шиллер – Лермонтов миниатюрасының өршіл, батыл, тіпті бүлікшіл әуенінің негізгі өзегін сақтап, өз көзқарасына, дүниетанымына сәйкес қабылдап, еркін аударған. Сондықтан ол белгілі қағидаға сүйенген, арнайы философиялық тақырыпты қозғаған, ұлттық табиғатқа, дүниетанымдық, түйсік-сезімге икемделген, ойға, мұңға толы, ғибраттық мәні бар соны туынды.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға
Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға,
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге,
Тыныштық пен зар боларсың баспанаға.