Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЕСІҢДЕ БАР МА ЖАС КҮНІҢ»

«ЕСІҢДЕ БАР МА ЖАС КҮНІҢ»

Абайдың есік пен төрдей ғұмырдың қас қағымда өте шығатын мейірімсіз ақиқатын тілге тиек ете отырып, табиғаттың осынау бір құбылысына философиялық түйін жасаған өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1899 жылы жазылған. Өлеңде жасы елуден асып бара жатқан ақын қызықты жастық шағын еске алып, сағынышты көңіл шертіп толғайды.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Туынды алғаш 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында бір ғана текстоликалық өзгеріс ұшырасады. 1909, 1939, 1945 жылғы жинақтарда 4-шумақтың 3-жолы «Қасиет кетті, дос кетті» делінсе, 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Махаббат кетті, дос кетті» болып алынған.

Өлең не жайында?

Тіршілік атаулының үш мезгілі – көктемі, жазы, күзі – адам баласына жастық, есею, тоқтау болып оралатыны; әр мезгілдің өзіне лайық сыйы бар екені өлең арқауын құраған. «Үміт жақын, көңіл ақ», адам атаулының бәрі дос көрінетін жастық шақтың «махаббат, қызық мол жылдары» сағынсаң қайтып бұрылмай өтіп кететіні, «махаббат кетсе, дос кетіп», жөңкіле көшкен керуенге ілесе алмай тоқтайтының, өмірдің өз заңдылығын амалсыз мойындайтының поэзия тілімен әсем өрнектеледі. «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық, мол жылдар… Ақырын, ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар» деп өкси өкінген ақын «Көзіме жас бер, жылайын, Шыдам бер, сабыр қылайын, Жаралы болған жүрекке, Дауа бер, жамап сынайын» деген тоқтамға келеді, сөйте отырып «жамаулы, жаралы жүректің» өмірмен қоштасуды қимай, шаршай соққан сабырлы дүрсілін аңғартады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7 буынды еркін және қара өлең ұйқасымен жазылған, 4 тармақты, 5 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос,
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің –

Кімді көрсең, бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!

Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті –
Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын.