Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАЛҚАМ-АЙ, МЕН ҮНДЕМЕЙ ЖҮРЕМІН КӨП»

«ҚАЛҚАМ-АЙ, МЕН ҮНДЕМЕЙ ЖҮРЕМІН КӨП»

Абайдың белгісіз ақынның шығармасынан аударған өлеңі. Бұл өлең М.Ю.Лермонтовтан аударылған шығармалардың қатарына қосылып жүрді, бірақ түпнұсқасы көрсетілмей келді. Дұрысында бұл өлең Лермонтовтан аударма емес, басқа бір ақынның шығармасынан аударылған.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1898 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы басылымда 2-шумақтың 1-жолы «Антұған ел көзіне тек қараймын» деп басылған. Кейінгі жинақтарда бұл 1909 жылғы басылым және Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Антұрған ел көзіне тік қараймын» болып басылып келеді.

Өлең не жайында?

Бұл мәтінЛермонтовтың жаңадан табылған шығармасы деп саналып, 19 ғасырдың 90 жылдары ақын шығармаларының жинақтарында басылып жүрді, бірақ кейін оның шығармасы емес екендігі анықталды. «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» өлеңі  ақынның аударуында айрықша сыршылдық сипат алып, ұлы ақынның өз сезімдері, толғаныстарынан нәр алып, өте әсерлі лирикалық шығарма болып шыққан. Ақын өлеңінде жүрегіндегі қайғы-наланы сыртқа шығармай, іштей тебіренетін байсалды, ұстамды адамның бейнесі әсіресе айқын көрінеді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасы өрнегімен кестеленген. Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады, көлемі 16 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп,
Ойлама отсыз, ойсыз, суық жан деп.
Жүректегі жалынды көзден жас қып,
Ағызғаным болады ол неге сеп?

Антұрған ел көзіне тік қараймын,
Сонымды сен сөгеді-ау деп ойлаймын.
Жүрегімді кескілеп сатып жүрген
Арсыздарды досым деп неге аяймын?

Ішімде қайғым қалың, көз жасым кем,
Адам жоқ, кімді дос деп мен шағушы ем?
Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек,
Көзінен жасы шықса, бойына ем.

Көңіліңе дайын тұр ғой жайым менің,
Дұшпандығың қатайған шығар сенің.
Егер менің ішімді жарып көрсең,
Жылауыңды ұмытып, шошыр едің.