Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КӨК АЛА БҰЛТ СӨГІЛІП»

«КӨК АЛА БҰЛТ СӨГІЛІП»

Абайдың табиғат көрінісі мен көңіл-күй ауанын салыстыра айшықты суреттеген көркем өлеңі.

Қашан жазылды?

Көлемі шағын «Көк ала бұлт сөгіліп» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Бұл өлең алғаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында жарияланды.

Өлең не жайында?

Көркем әдебиетте автор кейіпкердің мінезін, оның бір сәттегі көңіл-күйінің жағдайын ашу үшін, шығарманың идеялық-мазмұндық сипатынан хабар беру мақсатында табиғаттың тылсым көрінісін суреттейді. Осындай психологиялық параллелизм әдісін өз шығармаларында Абай да сәтті қолданған.

«Көк ала бұлт сөгіліп» өлеңінде лирикалық кейіпкердің көңілін жеткізуге табиғаттың көрінісі суреттелген. Аспанды бұлт торлағаны – адам көңілінің қайғы-мұңға, шерге батқаны саналса, жаңбырдың жауғаны – көңілсіздіктің, жылағанның белгісі есептеледі. Абай табиғатпен тілдесе отырып, одан жан дүниесін тазартатын, көңіл кірін шайып кететін құдыретті күш тілейді. Көк ала бұлттан жауын жауған сәтте лирикалық кейіпкердің көзінен жас ағып, оның өне бойы егіледі. Алайда жаңбырмен жер көгеріп, табиғат бусанып, дүние жаңарса, лирикалық кейіпкердің қуанышы сезілмейді. Оның ішкі дүниесін от қарып, басы ауырады. Өзі жұртта қалған адасқан адамдай жалғыздық сезінеді.

Екі-ақ шумақтан тұратын қысқа өлеңде ақын көңілінің бір мезгілдік сәті кестелі тілмен бейнеленген.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.273]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең табиғат және көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Психологиялық параллелизм әдісімен Абай табиғат көрінісі мен өзінің көңіл-күйін қатар салыстыра суреттеген.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Көк ала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойы егіліп,

Жас ағады аулақта.

Жауған күнмен жаңғырып,

Жер көгеріп күш алар.

Аққан жасқа қаңғырып,

Бас ауырып, іш жанар.