Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«САҒАТТЫҢ ШЫҚЫЛДАҒЫ ЕМЕС ЕРМЕК»

«САҒАТТЫҢ ШЫҚЫЛДАҒЫ ЕМЕС ЕРМЕК»

Абайдың өтпелі өмір, тоқтаусыз уақыт сырларын кестелі тілмен айшықтаған туындысы.

Қашан жазылды?

Философиялық мағынасы терең «Сағаттың шықылдағы емес ермек» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Туынды алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинағының «Ой туралы» деген бесінші бөлігінде жарияланды.

Өлең не жайында?

Бұл өлеңін Абай балалары Тұрағұл мен Мағауия сағат жайында өлең шығарамыз деп жүргенде жазған екен. Сағаттың шықылдап жүргені адамның тоқтаусыз ілгері жылжыған өмірін елестетеді. Оның әр минуты жеке адамның өмірі іспеттес. Бір минут өткенде, бір адамның тағдыры таусылғандай әсер қалдырады дейді ақын. Сағаттың тілі кейін жылжымайтындай, адамның өмірі де кері жүрмейді. Ендеше шықылдаған сағат ұры сияқты, адам өмірін жеп тауысып жатқандай деп оқырманға ой салатын салыстыру жасайды.

Өмір әйтеуір алға жылжиды екен деп оны босқа өткізуге болмайды, пайдалы іс тындыр, ақылыңа бой алдыр деп ғибратты ой білдіреді.

Аз сөзбен көп мағына беруге шебер Абай адам өмірін өлеңнің екі жолына сыйғызып жібергендей әсер қалдырады. Минут туралы әңгімемен басталған өлең уақыттың бір тәулік секілді өлшемімен жалғасады. Одан күн құралып ай болады, он екі айда жыл өтеді, жыл жиылып адамды қартайтады, ақыры соңында өмірі өтеді деп Абай мәні терең философиялық тұжырымды ой айтады. Өтпелі өмір тоқтаусыз, толассыз алға жылжи береді. Және оның ағысы тым жылдам, қас-қағым сәттей тез екен. Жасаған қызық дәурен, сенген дүниенің барлығы ақыр түбінде жалған екенін ұғынып, мәңгілік шындық тек Құдай ғана деп, жаратушыдан мейірім мен шапағат тілеген. Философиялық терең ой көтерілген өлеңде автордың даналық пікірін, сонымен бірге діншілдік нанымын айқын байқай аламыз.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.2. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б. 10]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең философиялық лирика жанрында жазылған. Шығармада Абай  адам өмірінің тез жылжып өте шығатынын сағат мысалында образды түсіндіріп, фәни тірлік пен бақи өмірдің айырмашылығынан ескерткен.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмиша өмір өтпек – ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі – ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

Өткен өмір белгісі – осы сыбдыр,

Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.

Ақыл анық байқаған қылығыңды,

Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.

Күн жайылып ай болды, он екі ай – жыл,

Жыл жыйылып, қартайтып қылғаны – бұл.

Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл.