Әбдірахманның қайғылы қазасынан соң, сүйікті ұлына арналған Абайдың жоқтау мазмұнындағы өлеңінің бірі.
Қашан жазылды?
Өзегін өртеген қасіреттен кейін туған «Әбдрахман өліміне («Талаптың мініп тұлпарын») өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Әбдірахман баласының адами болмысын басқа сипатынан аша түсетін бұл өлең алғаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Әбдірахманның мезгілсіз қазасынан соң жазылып, осыған дейінгі өлеңдердің жалғасындай саналатын бұл өлеңде Абай қымбат баласының бойындағы асыл қасиеттерінің жаңа қырын танытады. Ол талапшыл, өр мінезді, құлашты кеңге жайған ардақты жан еді. Бірге жүрген құрбы-құрдастарының алды болатын, оларға оқуда бас бәйгені бермейтін еді деп, жас күнінен өтірік сөзге өш, жалғандыққа жаны қас болып бой түзегенін айтады. Оны қызмет пен шен, атадан қалған дәулет, қолындағы билік те өзгертпеді. Ешқашан көкірегін кермеді, бір қалыптан айнымады деп ащы өлімі өзінің ғана жеке трагедиясы емес, дүйім жұрттың қайғысы екендігін жазады. Елге аман-есен тірі оралғанда, жұртты бастайтын, оған жол көрсететін ер болатын еді деп, Әбдірахманның бойындағы орындалмай кеткен қайраткерлік қасиетін де өкінішпен айтады.
Абай өзге жұртқа өнеге болатын Әбдірахманның қысқа болса да, ғибратты ғұмырын баяндап келіп, тағдырына налып, «Пенде өлмейді арманнан» деген ой қорытады. Ақынның аяулы арманы – асыл туған қадірлі ұлының дидарын көру, оның тірі екенін сезу еді. Бірақ ол арманға енді жетпейтінін, баласын бауырына баса алмайтынын біліп, тағдырына бас игенін байқатады.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б. 233]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Әбдірахман баласының бойындағы жаңа қасиеттерді байқатқан Абайдың бұл өлеңі көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Талапшыл, әділ, ер мінезді Әбдірахманның елге тұтқа болатын қайраткер тұлғаға айналатынын көрсеткен туындыдан дидактикалық мазмұндағы әлеуметтік шығарма сипатын да аңғарамыз.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Талаптың мiнiп тұлпарын,
Тас қияға өрледiң.
Бiр ғылым едi iңкәрiң,
Әр қиынға сермедiң.
Көзiңдi салдың тұрғыға,
Бейнетiн қиын көрмедiң.
Бiрге оқыған құрбыға
Бас бәйгенi бермедiң.
Бала болдың, жас болдың –
Жалғандыққа ермедiң.
Төре болдың, бас болдың –
Көкiрегiңдi кермедiң.
Ел iшiне сау келсең,
Тағлым айтпас ер ме едiң?
Жол көрсетiп сонда өлсең,
Арманым бар дер ме едiм?
Iздеп табар жалғаннан,
Бала берген пенде едiм.
Пенде өлмейдi арманнан,
Мiнеки, мен де өлмедiм.