Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ТАЛАЙ СӨЗ БҰДАН БҰРЫН КӨП АЙТҚАНМЫН»

«ТАЛАЙ СӨЗ БҰДАН БҰРЫН КӨП АЙТҚАНМЫН»

Шаруға қыры жоқ қыңыр мінез қазақ мінін аяусыз сынға алып, адасып, алаңдаумен тығырыққа тірелген қытымыр замандағы жұртына адал еңбек, ғылым-біліммен ел болудың, түзелудің жолын нұсқаған саяси-әлеуметтік лирикасы.

Қашан жазылды?

Есті сөзімен халқының санасын серпілтіп, түзетуді көздеген Абай саяси-әлеуметтік сипаты терең «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» өлеңін 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жазылды?

16 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Есті сөзімен халқының санасын серпілтіп, түзетуді көздеген турашыл да сыншыл ақын сұрықсыз заманның түбіне терең бойлайды. Қайранда қалған қаймана елінің қамсыздығына күйініп, көздің жасы, жүрек қанымен ішкі мұзын ерітуге бел байлайды. Шаруға қыры жоқ қыңыр мінез жалтарма қазақ мінін бетіне басып, аяусыз сынайды. Айығу мен арылудың жолын байыптайды. Адасып, алаңдаумен тығырыққа тірелген қытымыр замандағы жұртына ел болудың, түзелудің жолын нұсқайды. Кемелділікке, парасатқа шақырады.

Ағаруды, адал еңбекті жақтаушы ақын ғылым-білім, еңбек-кәсіптен мақұрым қалудың зардаптарын бағамдайды, қоғам кем-кетігін нанымды жеткізеді. Адам болудағы өзінің өнеге тұтар озат ойлы мақсат-міндетеріне жетелейді. «Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай», — деп елінің тоң-теріс кертартпа ісіне күйінеді, әлеумет санасының таяздығына қайғырады, бейқамдығын сынға алады. Ең басты дәстүрлі тіршілік көзінен қол үзуінің қауіпті күйіне алаңдайды. Ғылымға бейқам, еңбекке енжарлық танытып отырған жұртына ата кәсібінен, дәстүрлі мал шаруашылығы тұтқасынан айрылуға болмайтынына ой салады. Ігесі сөгілген еңбексіз елдің келер күнінен шошынады, тозғындауының басы болмаса екен деген алаң көңіл аптығын жасырмайды.

Өлеңнің ермек үшін тумағанын, сөз сойылдың әлеуметтің «ішкі мұзын ерітудегі» түп мәніне үңілудегі көкейкестілігін ашып айтады. Қалың елі қазағының шалқақтамай шынайы қалпымен заман ағымының түбіне байыппен бойлап, ақылмен түйсінуін ескертеді. Әрнәрсеге ой көзімен қарауын зор қасиет тұтады. Күйіне, қайғыра отырып намысын қамшылайды, жігерін жаниды, ұлттық санасын серпілтуді көздейді. Өзге жұрттан сөзі ұзын қауымның ой астарын үңгімей, бейқамдық танытып отырғанына шамырқанып мұңға батады. Өлеңнің қысыр әңгіме үшін желігумен жазылмағынын ескертіп, сабырмен, ақылмен ұғынуын сұрайды. Адамдық және елдік жолынан адаспа деген зарымен заман көшінің түзу жолына шық, ескілік шырмауына қамалма деп түйеді.

Елдік пен ақиқат, кісілік пен әділет, ар мен имандылық жолын нұсқаудағы рухани-адамгершілік ұстанымын нығырлай түседі. Ұлтын өрге сүйреп, асыл мұраттарға, адамгершілікке, ақыл-парасатқа жетелейді. Санасының жетілуіне, парасат пайымының толысуына қажетті ғибрат-өнегесін айтудан жалықпайды. Ел қамын жеген ақын халқының көкірек көзін ашып, санасын серпілтіп, жүрегін оятып, ілгері дамуына тұсау болып отырған қоғамдық жайттардың түбін ойлауын сыншылдықпен аңғартады, қапалы көңіл қайғысын жасырмайды.

«Жұртым-ай» деп қайғыдан көкірегі қарс айрылған ақынның парасатты сыны бүгіндері де өзектілігін жоймайды. Өсетін, өнетін, өркендейтін өрелі ұлт өзіне сын көзімен қарайды. Бойындағы кеселді мінінен арылған, өткенінен ащы сабақ алған елдің ғана болашағы кемел болмақ. Ел болудың, адам болудың түбін ойлап, түбірін тарқата қамыққан ақынның түйінді сөздерінің тағылымы қашанда өміршең [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.222]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Көркем туынды саяси-әлеуметтік лирика жанрында жазылған. Өлең 4 тармақты 3 шумақтан тұрады. 11 буыңды қара өлең ұйқасымен жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,

Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,

Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.

Көздің жасы, жүректің қаныменен

Ерітуге болмайды ішкі мұзын.

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,

Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.

Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,

Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.

Адасып алаңдама, жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық, қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.