Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚЫЗДАРҒА» («ҚОЙДАН ҚОҢЫР, ЖЫЛҚЫДАН ТОРЫ БӘКЕҢ»)

«ҚЫЗДАРҒА» («ҚОЙДАН ҚОҢЫР, ЖЫЛҚЫДАН ТОРЫ БӘКЕҢ»)

Абаймен құрдастығын алға тартып, қысыр сөзімен мұқатпақ болған досы Қыздарға деген ашу-ызадан туған сатиралық өлеңі.

Қашан жазылды?

Ұрпақтар сабақтастығының күрделі түйткілдерін ой безбеніне салған «Қыздарға» «Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең…» өлеңін Абай 1894 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жазылды?

24 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.

Өлең не жайында?

Абай замандастарының бойындағы келеңсіз, жағымсыз, кеселді мінездерін сатиралық тілімен түйреп отырудан тартынып қалған емес. Өзін жөн жосықсыз сөздерімен аяқтан шалып, тұқыртпақ болғандарды уытты тілімен сабасына түсірудегі ақын шеберлігі ерекше. Абай 1894 жылы Оспанның үлкен үйіндегі келіні Еркежанды алып сол жылы болыстық съезд қыла елге шығады. Сонда Абаймен құрдастығын алға тартқан досы Қыздар «Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, тойынған екенсің» дегеніне ыза болып, осы өлеңін айтады.Ертеңіне Қыздар өлеңді жалынып сұрап алып, отқа салып өртейді. Ақынның Тобықты руының Бәкең руынан шыққан Қыздарды сынап мінеуінің әлеуметтік астары терең. «Сөзінің басы ыржаң, соңы қылжаң, Жүгенсіз жүре бермек – сенің ырзаң. Сенен күшті кісілер не боп жатыр, Заманыңның тарлығын ойла, мырзам» деген сөзінде үлкен қоғамдық мән-мағына бар.

Адамшылық асыл қасиеттерді жырлаған ақын ұрпақтар сабақтастығының күрделі түйткілдерін ой безбеніне салады. Бір-біріне қарама-қайшы екі топ, екі ұрпақ өкілдерінің ойы мен бойындағы жақсы менен жаманды, тереңдік пен таяздықты, биіктік пен құлдырауды сын тезіне алады. Аймаққа адалдығымен атағы тараған Тобықтының Бәкең аталатын атаның Лекер, Бітімбай, Аталық, Жанқожа, Байұзақтай бұрынғы өткен игі жақсылары мен бүгінгі жайсаңдарының кісілік қасиеттерін баса көрсетеді. Атаның ақ жолынан адасқан Шотқара, Дауылбай, Досақ, Айтқожа, Қыздардай ақылсыз елермелерге деген кейістігін білдіреді. Жүгенсіз жалмауыш топ жетесіздігінің қалың қауымға қаншалықты қауіпті екенін бағамдайды. Алдыңғы толқынның өнегелі өрнекті ісінен ғибрат алар кейінгі ісі шикі ізбасарларының ұсақталуына налиды. Ақын әзіл өлеңін «Менің терім тарылып келе жатыр, Бұрын кісім емес ең жалғыз шерткен» деген зілді де кесімді сөзімен түйіндейді [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.216]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Қалжың-сықаққа құралған өлең сатиралық жанрда жазылған. Көлемі әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 6 шумақ. 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тіліне аударылған.

Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең,

Адалдыққа бар елдің зоры Бәкең.

Ұры-қары көбейіп, к… шөмейтіп,

Неге болды бар елдің қоры Бәкең?

Лекер, Бітімбай мен Аталықты,

Жанқожадан кім көрген қапалықты?

Байұзақ одан соңғы адамы еді,

Бәрі де кісі-ақ еді хасалықты.1

Дауылбай Қыздар менен айпар-жайпар,

Екеуі бітім десе, басын шайқар.

Екі елерме бітімге жөн келер ме,

Ақылы болмаған соң артын байқар?

Сөзінің басы ыржаң, соңы қылжаң,

Жүгенсіз жүре бермек – сенің ырзаң.

Сенен күшті кісілер не боп жатыр,

Заманыңның тарлығын ойла, мырзам.

Шотқара кірсе алдап, шықса күлген,

Елірмелі Досаққа кісімсіген.

Бұл топта маған айтар кісі бар ма,

Дауылбай мен Қыздардың жөнін білген?

Атқожаның қулығы сені елірткен,

Бір дем салса, күшіктей соңына ерткен.

Менің терім тарылып келе жатыр,

Бұрын кісім емес ең жалғыз шерткен.

1 Келісті, кемел