Әке өмірінің үлкен тірегі, жұбанышы болған баласы Әбдрахман амандығын тілеп аласұрған жан дүниесінен сыр тартатын, запыран болып төгілген зар хатымен көңіл түкпіріндегі күйінішімен бөліскен өлеңі.
Қашан жазылды?
Тумысы ерек жасын ғұмыр жарқылының ерте сөнеріне тағат таппай қиналған қам көңілдің құсасын, жүрек қайғысын тарқатқан «Әбдрахманға («Алланың рахматын, жар тұтып әр неге») өлеңін Абай 1894 жылы 48 жасында жазған.
Қайда жазылды?
20 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Ақын поэзиясында оқшау тұратын бір топ өлеңдері інісі Оспанға, баласы Әбдірахманға арналған. Олардың тақырыбы, жанры, стилін М.Әуезов «бас қайғысымен байланысты жоқтау жыры» деген болатын. Өзгеше үлгіде туған өлеңде қамқор әкенің аяулы перзентіне деген ерекше қымбат сезімі көрініс тапқан. Сырқаты дендеп, ауруы асқынған ұлы Әбдірахманның деніне саулық, дертіне шипа, жанына саулық тілеп жаратушыға мінәжат етеді, шексіз мейіріміне сыйынады. Әке өмірінің үлкен тірегі, жұбанышы болған баласының амандығын тілеп аласұрған жан дүниесінен сыр тартады. «Алланың рахматын Жар тұтып әр неге, Әр Рахман ол атын Үйреткен жүмлеге. Дұғаның қуатын Жіберме өңгеге» деген иман күшімен, ақындық қиялымен дұға қуатының жанына медет, тәніне шипа дарытарына иланады. «Рәушан сипатын Тез көрсет пендеге» деп перзентімен тезірек қауышуын зарыға күтеді. Қамқор әке көкіректі жарып шыққан зарын, ішкі әлемінің жан толқынысын толғайды. Тумысы ерек жасын ғұмыр жарқылының ерте сөнеріне тағат таппай қиналған қам көңілдің құсасын, жүрек қайғысын тарқатады.
Құр сүлдерін сүйреткен шарасыз күйін, дәрменсіз кейпін, жан күйзелісін аңғартады. Запыран болып төгілген зар хатымен көңіл түкпіріндегі күйінішімен бөліседі. Кестелі сөз дестесінің кеселді жанның көңіл хошын ауларына, детінен айықтырарынан үмітін үзбеген жүрегін жарып шыққан тілек тебіренісін түйсінеміз [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.212]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 5 шумақтан тұрады. Өлең 6 буынды шалыс ұйқас үлгісімен түзілген.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды орыс тіліне аударылған.
Алланың рахматын
Жар тұтып әр неге.
Әр Рахман1 ол атын
Үйреткен жүмлеге.2
Дұғаның қуатын
Жіберме өңгеге.
Әбіштің сыйхатын3
Беркітсең кеудеге.
Рәушан сипатын
Тез көрсет пендеге.
Осындай шапқатын
Ұмытам мен неге?
Зар хатым – бұл хатым,
Бізді тыныш жүр деме.
Азайып қуатым,
Денем жүр көрмеге.
Бұл – жазған сұңғатым4,
Көңіл ашар бір наме5.
Менің сол рахатым
Көзіме сүрмеге.
1 Рахман (арабша) – аяушы, мейірім етуші (Алланың бір аты)
2 Жүмле, жөмлә (арабша) – жалпы, жиынтық.
3 Сыйхат (арабша) – есендік, саулық, сәлеметтік.
4 Сұңғат, санғат (арабша) – көркем шығарма мағынасында.
5 Наме (парсыша) – хат, жазылған нәрсе, кітап мағынасында.