Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЕСКІЛІК КИІМІ» («ОЙЛАНЫП, ОЙҒА КЕТТІМ ЖҮЗ ЖЫЛҒЫ ӨТКЕН»)

«ЕСКІЛІК КИІМІ» («ОЙЛАНЫП, ОЙҒА КЕТТІМ ЖҮЗ ЖЫЛҒЫ ӨТКЕН»)

Абайдың інісі Ысқақпен бірге Абайға ақынға арнайы сәлем беруге келген Қаржаубай ақсақалдың киген киімдеріне сүйсініп, беліне байлаған кісесіне көзін қадап шығарған өлеңі.

Қашан жазылды?

Бабадан балаға мұра болып көнеден келе жатқан қазақ ұлттық киімдерінің сыр мен сымбатының тарих тұңғиығына тартатын құдыретті киесіне тұшындыратын «Ескілік киімі»(Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен) өлеңін Абай 1894 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жазылды?

20 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш 1923-1924 жылдары Ташкент қаласында жарық көрген «Сана» журналының 1924 жылғы екінші-үшінші санында басылған. Жинаушы «Арқалық» деп көрсетілген.

Өлең не жайында?

Абай – сәні мен салтанаты жарасқан көшпелі қазақ қауымының ескілігінен тұшынып өскен эстетикалық талғамы ерен талғампаз жан. Абайдың келіні Кәмиля естелігінде «Әкемнің киімдерін мен тігетін едім. Жаңа киім тігіп жатқанымызда қасымызға келіп, тігіліп жатқан киімді көріп, тігісі жатық, жақсы екен, үлгісі сұлу, ұнамды екен деп мақтайтын, сол киімді киген соң балаша мәз-мейрам болып қуанатын. Әкем кербез емес еді, бірақ киімді өте таза ұстап киетін, киімің ескі болса да, таза болсын, сыны кетпесін, күтіп ки деп ақыл айтып отыратын. Жаңа үлгімен істелген, сұлу киімнің үлгісін Тобықтыға біздің ауыл таратты» деп жазады. Дегдарды ата-бабаларымыздың дәстүрлі ұлттық нақыштағы көз арбайтын қымбат киім-кешектері сүйсіндірді. Бабадан балаға мұра болып көнеден келе жатқан қазақ ұлттық киімдерінің сыр мен сымбатының тарих тұңғиығына тартатын құдыретті киесін «Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен» деген танымы аңғартады.

Халық шеберлерінің келісті өнерімен көмкерілген ер адамның қысты күні киген бағалы тон, көз тартар ою-өрнекпен әшекейленген шиде шекпен, жейде, жарғақ шалбар, былғары етік, киіз байпақ, пұшпақ тымақ, тобылғыдан жасалған түйме т.б. көне киім-кешек үлгілері бейнеленеді. Қайсысының нендей бұйымнан қалай тігіліп, қайтып жасалатынын ашып көрсетіледі. Астындағы атының хас зергерлер қолынан шыққан ер-тұрманы келісті суреттеліп, белдегі үлкен кісе, жарқ-жұрқ еткен шақпақ, қалмақы үзеңгі, биік қасты ер, көпшігі жарғақ жастық, қанжығасы жіптен жасалған шідері қайратты ерді тұлғаландыратыны барша қадір-қасиетімен сипатталады [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.209]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Көңіл-күй лирикасындағы өлең этнографиялық тақырыпта жазылған.

Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады, барлығы 16 жол. 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.

Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен,

Тон қабаттап кигенім – шидем шекпен.

Жейде-дамбал ақ саңнан, жарғақ шалбар,

Жырым балақ матамен әдіптеткен.

Мықшима аяғымда былғары етік,

Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.

Үлкен кісе белімде жез салдырған,

Шақпағым, дәндәкуім1 жарқ-жұрқ етіп.

Күләпәра бастырған пұшпақ тымақ,

Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.

Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,

Артын белге қыстырған бар құрысқақ.2

Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,

Қанжығамда байлаулы жіптен шідер.

Жарғақ жастық көпшігім, жезді пыстан,3

Бір келісті сайманым топқа мінер.

1 Дәндәкуім – Кісенің оқшантаймен қатар тұратын былғары қалтасы.

2 Құрысқақ – тобылгы тиек.

3 Пыстан – бэстэн (парсыша) – Ердің үстіндегі көпшікті алды-артынан бастырып қоятын, үстіне жез қапталған, былғарыдан істелген тұрман.