Абайдың тете інісі Оспан өмірден өткенде шығарған жоқтау сарынындағы бір шоғыр өлеңдер топтамасына енетін көркем туыныдысы.
Қашан жазылды?
Жалындаған жас шағында өмірден өткен інісі Оспан қазасына көңіл білдіру түрінде бедерленген өлеңін Абай 1892 жылы 47 жасында жазған.
Қайда жазылды?
16 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Алыстағы ағайынды айтпағанда ет жақынның өзі қастасып алысқан, жұлысып жауласқан заманда Абай өзіне сенімді тірек болған бітімі кесек Оспан қазасына қатты қайғырды. Абай жау жүрек тұлғаның ел билеудегі (болыстық) қайсарлығын, досына адал, дұшпанына қатал өжеттігін, кеңдігі мен мәрттігін айрықша қадірлеген ді. Оспан да тумысы бөлек, болмысы ерек ағасын ерекше құрметтеп, алыс жақын бітіспес дұшпандарымен жағаласып өтті. Жанына сүйеніш, ісіне тірек бола білді.
Өлеңде Абай елге жағымды ғазиз жанның көркем мінез ірілігі, тұлға асқақтығы, жүрек батылдығы, жайсаң болмысы, қайтпас қайратымен өз биігінде өмірден өтуін көтеріңкі пафоспен бейнелеп жеткізуде жаңа өрнек салады, өзгеше көркемдік тәсілге жүгінеді. «…Жайдары жүзің жабылмай, Жайдақтап қашып сабылмай, Жан біткенге жалынбай, Жақсы өліпсің, япырмай!», — деген толқынды ой мен көкірек күрсінісіндегі өлең жолдарындағы жосын ойлар жоқтау жырымен жақынын жұбатқан, қайғысына ортақтасқан қазақ қауымы үшін тосын жәйт. Боздағынан айрылып қайғы мен құсаға булыққан ақын жан күйзелткен өкінішін басуда ерке інісі, жан сырын бөлісер жақыны Оспанның адами, кісілік қасиеттерін медеу тұтып, сабырға келеді. Жан әлемін қайғыдан аршып, мұңды күйінен арылғандай күйге енеді.
Жалын жүрегі суынбай өткен жайдары жүзді жайсаңның өзі бағалаған жасаулы жауынан жасқанбаған өрлігі, атымтай жомарттығы мен кісілік қасиеттерінің биігінен аласармағанын айтады. Өзі арман еткен қайраткер бейнесінің болмысын беруге тырысқан ақын «Жарқырап жатқан өзенің Жайдақ тартып суалмай, Жайдары жүзің жабылмай, Жайдақтап қашып сабылмай» өткеніне сүйсінеді [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.183]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Тоғыз буынды өлең он алты жолдан тұрады. Сөз тігісін асқан шеберлікпен жатқызуда аллитерация тәсілі көркемдікпен қолданылған.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең басқа тілдерге аудырылмаған.
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің,
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!