Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖҮРЕГІМ, ОЙБАЙ, СОҚПА ЕНДІ!»

«ЖҮРЕГІМ, ОЙБАЙ, СОҚПА ЕНДІ!»

Ізгілік пен мейірім, ар-ұждан мен имандылық қасиеттерін асқақ тұтқан гуманист Абайдың класссикалық стилдегі лирикалық өлеңі.

Қашан жазылды?

Тұрлаусыз өмір мәніне көз жүгіртіп, өзі сенген ет жақыны мен ел жақсыларының адамгершілікке жат ерсі істеріне күйінуден туған «Жүрегім, ойбай, соқпа енді…» өлеңін Абай 1892 жылы 47 жасында жазған.

Қайда жазылды?

16 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Сыршыл ақынның сезімтал жүрегі жалғыздық мұңын, түңілген көңіл шерін шертеді. «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!Бола берме тым күлкі», — деп жүрек түкпіріндегі жан сырын ақтарады. Ақын тұрлаусыз өмір мәніне көз жүгіртіп, өзі сенген ет жақыны мен ел жақсыларының жан шошатырлық, қайғы жүктер «Кімге сенсең – сол шикі» кейпінен күйінеді. Шикіліктен – ағайын-туысқанның өзектен тепкен араздығы, достықтың баянсыздығы, мейірімнің таяздығы, кісілік пен адамгершілік жұтаңдығы, қиянат қараулығы өрістейді.

Ақын осынау жүрекке зіл батпан салмақ салар қайғы-қасіреттен өзін, жанын ұғар жақындарының ой-санасын тазаруға ұмтылады. Кірлеген жүрек ызалы жүрек болып, жаралы жүректің мұңды сырын ынталы жүрекке ақтарады. Адамгершіліктен аттамауды, ізгілікті қолдауды безбендейді. Топ жиып есіргендердің жүрегін шымшыған өктем күш екпінінің алдамшылығы мен жалғандығына ермей, кезегі келер дүниеде кеңдік мінезіңмен кемел адам болып қалуыңа ой салады. Өзгені айтпағанда өзінің етжақындарынан сенісерге жан таба алмай сенделген ет жүректің мұң шырпыған тебіренісімен тіршілік тұрлаусыздығына ашынып, замандастарының шикілігіне шамданып кейігенімен, жақыныңмен суысып, пенделікпен кектеспе де өштеспе деген гуманистік ойына тұшындырады [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.181]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Көңіл-күйін философиялық сарынмен астастырғанөлең көңіл-күй лирикасы жанрындағы жазылған. Көлемі 16 жол көркем туынды шалыс ұйқаспен жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр, неміс тілдеріне аударылған.

Жүрегім, ойбай, соқпа енді!

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең – сол шикі.

Жетім қозы – тасбауыр,

Түңілер де отығар.

Сорлы жүрек мұнша ауыр,

Неге қатты соқтығар?

Сенісерге жан таба алмай,

Сенделеді ет жүрек.

Тірілікте бір қана алмай,

Бұл не деген тентірек?

Жоқ деп едің керегің,

Топ жиып ең бір бөлек.

Кезек келер демедің,

Ендігі керек қай керек?