Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«НЕ ІЗДЕЙСІҢ, КӨҢІЛІМ, НЕ ІЗДЕЙСІҢ?»

«НЕ ІЗДЕЙСІҢ, КӨҢІЛІМ, НЕ ІЗДЕЙСІҢ?»

Абайдың тетелес інісі Оспан өлімінен кейінгі қайғы мен мұңға батқан жан әлемінің тылсымына бойлататынсыршылдық мен ойшылдық астаса көмкерілген өлеңі.

Қашан жазылды?

Адамдық ізгі қасиеттер, әділдік пен адалдық хақындағы көңіл күйзелісінен танытатын «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?…» өлеңін 1892 жылы 47 жасында жазған.

Қайда жазылды?

32 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (3-бөлік. Өзі туралы, Өзі туралы, 37-бет).

Өлең не жайында?

Ақиқат пен әділдік іздеп шарқ ұрып, аласұрған шыншыл ақынның қапалы көңілі Оспан өлімінен кейін қайғы мен мұңға батады. Қанына тарпаған ет жақын туысқан арасындағы араздық, жарықшақтық сезімтал жанды қатты ашындырған бітеу жарасы еді. «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» деген тебіренісімен көңіл кірін тазартуды діттеуі де содан. Жұрт мақтаған абыройлы атаққа ие жанды тәңірі атқан болса, ол мақтаудан не пайда деген ойын ар-ұждан таразысына салады. Шын мақтау мен көп алғысына бақай есеппен бөленуге құмар жетесіздерге жаны қас ойы тұнық ақын ізгілік пен кісілік өрісін аңғартады. Жоқты-барды шатқан көкезулерді, мақтан сүйгіш даңғойларды сынға алады.

Сөз сатқан қошеметшіл жұртының асылды аңдамай, ер жақсысын таңдамас көрсоқырлығына, тобырлық санасына көңілді кернеген өкінішін меңзейді. Сатымшақ жел сөз жетегіндегі жетесіздердің жанға қас қошеметшіл жағымпаздықтары мен жарамсақтыққа толы кесірлі мінезінің түп тамырын аңғартады. «Мен мақтанның құлы емес» деп, замана илеуіндегі құбылмалы антұрғандардың пасықтығы, жағымпаздығы, қулығы, арсыздығынан жиіркенген жан тазалығын, ой парасатын аңдатады.

Ойлы адамды сансыратқан өткінші өмірдегі сана сергелдеңінің сорабына жетелейді. Бойын кернеген дертті, жайлаған уды тарқатады.«Өмір, дүние дегенің, Ағып жатқан су екен. Жақсы-жаман көргенің, Ойлай берсең, у екен», — деген түйіндеуімен опық жеген ойлы жанның улы күйініші мен өкінішін айтқанымен, кісілікті ой, рухты сезім алдында саналы жанның түпкі мұратынан айнымай іздегенін табатынына имандай ұйытады [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.180]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Ақынның мұңы мен шері, қайғысы мен қасіреті бейнеленген өлеңі көңіл-күй лирикасы жанрындағы жазылған. 4 тармақты, 8 шумақтан тұратын өлеңнің алғашқы шумағы 11 буынды, қалған шумақтары 7 буынды шалыс ұйқаспен берілген.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр, неміс тілдеріне аударылған.

Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?

Босқа әуре қылмай, шыныңды айт.

Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,

Сырласалық, бермен қайт.

Абұйыр, атақ сол жанда,

Кімді көп жұрт мақтаса.

Ол мақтаудан не пайда,

Көп мақтауын таппаса?

Көп тәңірі атқан мақтай ма,

Ол тәңірі атқан болмаса?

Жоқты-барды шатпай ма,

Көптің өзі оңбаса?

Мақтау – жел сөз жанға қас,

Қошеметшіл шығарған.

Бір мақтаса, боқтамас

Ел табылса, құмарлан.

Жұрттың бәрі сөз сатқан,

Сатып алып не керек?

Екі сөзді тәңірі атқан –

Шыр айналған дөңгелек.

Сатып алма, сөз сатса,

Ол асылды аңдамас.

Біләткенің байы – ақша,

Ер жақсысын таңдамас.

Мен мақтанның құлы емес,

Шын ақылға зорлық жоқ.

Антұрған көп пұл емес,

Өлім барда қорлық жоқ.

Өмір, дүние дегенің,

Ағып жатқан су екен.

Жақсы-жаман көргенің,

Ойлай берсең, у екен.