Абайдың өмірдің сыры мен сипатын философиялық тұрғыдан пайымдап жазған жұмбақ өлеңі.
Қашан жазылды?
Абайдың 1890 жылы жазған жұмбақ өлеңі.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Туынды ел аузынан жазылып алынып, алғаш рет ақынның 1933 жылы Қызылордадажарық көрген толық жинағында басылды. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Қазақ халық әдебиетінен сусындаған Абай көңілінің бір күйі келгенде қысқа да нұсқа, сәтті салыстыру мен ой тапқырлығына құрылатын бұл жанрға да қызыққан. Бұл жұмбақ өлеңінде ақын өмірдің сыры мен сипатын философиялық тұрғыдан пайымдайды.
Қай жанрда жазылды?
Шығарма 11 буынды қара өлең ұйқасымен өрнектелген. Жұмбақтың шешуін қоса алғанда туынды әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан турады.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең қарақалпақ, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Алла мықты жаратқан сегіз батыр
Баяғыдан соғысып әлі жатыр.
Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,
Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.
Шешуі:
Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз,
Таба алмасам, ақылды болар неміз?
Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пенен жұп,
Жақсылық пен жамандық – болды сегіз.