Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КӨЗІНЕН БАСҚА ОЙЫ ЖОҚ»

«КӨЗІНЕН БАСҚА ОЙЫ ЖОҚ»

Абайдың надандықты, ойсыздықты мансұқ еткен өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1891 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет1909жылы Санкт-Петербургтежарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (7-бөлік. Замандас туралы, 58-бет). Текстологиялық көп өзгеріске ұшырамаған. Тек 1909, 1957 жылғы жинақтар мен Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларында 1-шумақтың 1-жолы «Көзінен басқа ойы жоқ», ал Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында «Өзінен басқа ойы жоқ» деп жазылған. 1909, 1957 жылғы жинақтарда 5-шумақтың 2-жолы«Дағардай боп сәлдесі»болса, Мүрсейіт қолжазбалары мен 1933 жылғы басылымда «Дағарадай боп сәлдесі» делінген. Ақынның кейінгі басылымдарына өлеңнің түпнұсқасы ретінде 1909 жылғы жинақ басшылыққа алынған.

Өлең не жайында?

Абай надан адамның «көзінен басқа ойы болмайтынын» қадап айта келіп, жалпы надандықты шенейді.

Ақынның айтуынша, маңдайдағы көздің ғана болуы жеткіліксіз, адамның жүрек көзі, зерде көзі болуы керек. Ақыл, парасат көзінің болмауы — надандық. Ой көзі, көңіл көзі болса ғана, адамға шындық сәулесі түседі, сол арқылы адам іштегі кірін тазартса ғана, оның кеудесі нұр сандыққа, сыр сандыққа айналады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең негізінен 8 буыннан тұрады, кей жолдары ғана 7, 9 буын ұйқасы – а, -б, -а, -б. Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады. Сыншылдық сипатта, сықақтық леппен кестеленген.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Көзінен басқа ойы жоқ,

Адамның надан әуресі.

Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,

Жайқаң-қайқаң әр несі.

Білмейсің десе, жел өкпе,

Дейді дағы – тәңірі ісі.

Бірінен бірі бөлек пе,

Иемнің әділ пендесі?

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың1 түсер сәулесі,

Іштегі кірді қашырса

Адамның хикмет2 кеудесі.

Наданның көңілін басып тұр

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы.

Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Малқұмар көңілі – бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі?

Жүректе айна жоқ болса,

Сөз болмайды өңгесі.

Тыңдағыш қанша көп болса,

Сөз ұғарлық кем кісі.

1Хақ (арабша) – көп мағыналы сөз: а)тура, шын, дұрыс; ә)баға; б) үлес, сыбаға; в) Алла; г) құқық. Бұл арада дұрыстық, шындық мағынасында.

2Хикмет (арабша) – көп мағыналы сөз. Пәлсапа (философия). Бұл арада білім, сыр, керемет мағынасында.