Абайдың өз тұсындағы қазақ жастарына берген сипаттамасы, мінездемесі өрнектелген өлеңі.
Қашан жазылды?
Абайдың 1891 жылы жазған өлеңі.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Қунанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (1-бөлік. Халық туралы. 23-бет). Өлеңнің тексі Мүрсейіт қолжазбаларында бар. Текстологиялық зерттеулер бойынша 1909 жылғы жинақтағы 1-шумақтың 2-жолы «Қосылмас еш бастары», 2-шумақтың4-жолы «Құр тілменен жиғаны»Мүрсейітқолжазбаларында «Қосылмас ешбір бастары», «Қүр тілменен жиғалы» деп берілген. Ал 1933 жылғы басылымда «Қүр тілмен малды жиғалы» делінген. 1939, 1945, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбаларындағы шумақтар негізге алынды.
Өлең не жайында?
Өлеңде Абай кер заманның кеселді зардабынан азғындап бара жатқан жастардың адамшылыққа жат мінездерін аяусыз әшкерелеп шенейді.
Кезінде ақын қоғам дамуындағы жастар роліне, күш-жігеріне ерекше мән беріп, оларды оқытып, тәрбиелеуге зор көңіл бөлген. Сондықтан ақын өлендерінде жастар тақырыбы кең жырланып, мол орын алған. Туынды солардың іс-қылығына, тіршілік сыңайына реніш білдіре, сынай жазылған.
Одан соң жастардың не боларын білмей жүргенін, еңбекке икемсіздігін, дау-дамай, айтыс-таласқа тым төселіп алғандығын сынайды. Ел қамы, жұрт жоғы үшін әлеумет ісіне араласудың орнына, топанға тойып, өреге сүйкенген сиырдай әркімге бір ұрынатынын беттеріне басады. Ақын мұндай жастардың ішкі психологиясына, мінез-дағдысына үңіледі, өтірік күліп тұратынын, қалжыңбас, қылжақ келетінін, ауыздарына «ақ ит кіріп, қара ит шығып» жататынын ашына айтады.
Қай жанрда жазылды?
Шығарма 7-8 буынды, а-, а-, б-, а ұйқасымен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады, көлемі 16 жол. Жанры жағынан өлеңді сол кездегі қазақ жастарының жинақталған образын жасаған сати ралық портреттік суреттеме деуге болады. Абай мұнда салмақпен, зіл тастай отырып, жастар арасындағы өршіген алауыздықты, өзара өшпенділікті, мәнсіз керісті, яғни бірліктің жоқтығын бір түйіп тастайды.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең ағылшын, орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, татар, әзербайжан тілдеріне аударылған.
Заман ақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа
Қойнына тыққан тастары.
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей несі өнер?
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.