Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ТАЙҒА МІНДІК»

«ТАЙҒА МІНДІК»

Абайдың ауыл баласының жас шағынан бастап алған тәлім-тәрбиесін, көрген үлгі-өнегесін сипаттаған өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңнің түпнұсқасы Мүрсейіт қолжазбаларынан (1907, 1910) алынып, алғаш рет С. Нұржановтың құрастыруымен 1916 жылы Орынборда жарық керген «Абай термесі» атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында текстологиялық өзгерістер жоқтың қасы. 1939 жылғы басылымда өлеңнің 1-шумағының 8-жолы «Құс етті» делініп алынса, кейінгі жинақтарда бұл жол «Құс етті» ретінде берілген.

Өлең не жайында?

Ақын өлеңінде келтірген дәл деректі бапалық суреттері, бозбалалық алданыш, жұбанышы, болымсыз тәрбие, шала сауаттылық, арзан әуейілік және солардың нәрсіз нәтижесіндей дайынсыз күйде үйлі-баранды өмір бастау – осының бәрін салқын оймен қатаң сынай келіп, оқу-тәрбиенің өзінше өрісін мақсат еткен бағыт байқатады. Ақын тіл, теңеуде, өмірлік нақтылы деректерін тізіп теруде ақындық тың жаңа үлгіде жолын іздей бастаған өнерпаз сезіледі, шумақ, ырғақ, ұйқас құбылыстарымен де өлеңге жаңаша соны түрлер енгізуді мақсат еткен талабын көрсетеді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 5 буынды жыр үлгісінде жазылған. Туындының 1-, 2-, 4-, 5- жолдары -а, -а, -а түрінде келеді де, 3-, 6-жолдары -б, -б пішінде айқасып ұйқасады. Бұл ақынның қазақ өлең құрылысына енгізген жаңалықтарының бірі болып саналады. Әрқайсысы 9 тармақты 5 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Тайға міндік,

Тойға шаптық,

Жақсы киім киініп.

Үкі тақтық,

Күлкі бақтық,

Жоқ немеге сүйініп.

Күйкентай күтті,

Құс етті,

Не бітті?

Атамыз бар,

Молдамыз бар,

Айтқанына көнбедік.

Арт жағында,

Біз соған зар,

Боламыз деп білмедік.

Ұрланып қаштық,

Жолғастық,

Шуластық.

Жазу жаздық,

Хат таныдық,

Болдық азат молдадан.

Шала оқудан,

Не жарыдық,

Қалғаннан соң құр надан?

Бағасыз жастық –

Бозбастық,

Адастық.

Бозбалалық –

Қыз қарадық,

Қалжың, әзіл сөйлестік.

Ат жараттық,

Сән тараттық,

Әуейілік күйлестік.

Көңілге келер,

Кім жолар,

Кім көнер?

Қайын бардық,

Қатын алдық,

Енші тиді азғана.

Шаруа атандық,

Енді ойландық,

Қала берді бозбала.

Бұрынғы қайда?

Ойбайла –

Не пайда?