Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КЕЛДІК ТАЛАЙ ЖЕРГЕ ЕНДІ»

«КЕЛДІК ТАЛАЙ ЖЕРГЕ ЕНДІ»

Абайдың ақындық шоқтығының биіктеген, өнер сайысында шәкірттіктен арылып, шығыс классиктерімен терезесі тең дәрежеде шеберлік салыстыра, үзеңгі қағыстыра бастаған шағында дүниеге келген өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (3-бөлік. Өзі туралы. 35-бет). Өлеңнің 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан тұңғыш жинақтағы Кәкітай нұсқасы мен Мүрсейіт қолжазбаларындағы нұсқаларында біраз айырмашылықтар бары анықталған.

Өлең не жайында?

Өлеңде көп шығармасында сөз ететін айтушы мен тыңдаушы мәселесі қайта көтеріледі. Сол «сөз ұқпайтын», «ақылға ермейтін» тыңдаушы арқылы халықтың оқымаған надандығын, бойкүйез жалқаулығын әшкерелеп, осының елге тигізіп отырған кеселін қамыға жазады. Ақын «пәле-жалаға жақын», «өтірік-өсектен шімірікпейтін» қараңғы тобырдан әбден түңіліп, «тентектікті тыя алмай», «жалғыз үйде күңіреніп қалғанына» өкініш білдіреді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең жаңа бір көркем түрмен жазылған. Өлең шумақтары біркелкі емес, ұйқастардың үйлесуі де өзгеше. Өлеңде ғаруз ұйқасымен қатар қара өлең, қаусырма ұйқастар да ұшырасады. Өлеңнің тағы да бір ерекшелігі, мұнда әр жолда 7-8 буын алма-кезек ауысып, өзгеріп отырады. Өлең тармақ саны әр түрлі 15 шумақтан тұрады, көлемі 58 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең ағылшын, орыс, белорус тілдеріне аударылған.

Келдік талай жерге енді,

Кіруге-ақ қалдық көрге енді.

Қызыл тілім буынсыз,

Сөзімде жаз бар шыбынсыз,

Тыңдаушымды ұғымсыз

Қылып тәңірім берген-ді.

Осы жасқа келгенше,

Өршеленіп өлгенше,

Таба алмадық бір адам

Біздің сөзге ергенді.

Өмірдің өрін тауысып,

Білімсізбен алысып,

Шықтық міне белге енді.

Енді аяңда, жығылма,

Сыймас жерге тығылма,

Қой бұрынғы желгенді!

Қайғы шығып иыққа,

Қамалтпасын тұйыққа,

Сергі, көңілім, сергі енді!

Балапан құстай оңдалып,

Қанатыңды қомданып,

Жатпа ұяда қорғанып,

Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!

Көңілде қайғы, қалың зар,

Айтатұғын сөзім бар,

Салсын құлақ ұққандар,

Өрбі, сөзім, өрбі енді!

Іште қайғы дерт пысып,

Көкіректі өрт қысып,

Айтуға көңілім тербенді.

Өзің жалғыз, надан көп,

Ұқтырасың сен не деп,

Әулекі, арсыз елге енді?

Тыныштық сүймей қышынып,

Өтірікке тұшынып,

Пәледен тұрмас шошынып,

Тұл бойын желік жеңген-ді.

Туған жерді қия алмай,

Тентекті жеңіп, тыя алмай,

Әлі отырмыз ұялмай,

Таба алмадық өңге елді.

Әзелде тәңірім сорлы етті,

Арсыз елмен әуре етті,

Жалғыз үйде күңірентті,

Тағдырға білдік көнгенді.

Адам деген даңқым бар,

Адам қылмас халқым бар,

Өтірік пен өсекке

Бәйге атындай аңқылдар –

Тұла бойым шіміренді.

Барма топқа шақырмай,

Жат үйіңде шатылмай,

Шыдармын ба, япырмай,

Жатуға шықпай үйде енді?

Қатыныңның ойнасын

Көрсең, білсең қоймасын,

Не ойлар едің өз басың,

Сонымен тең біз де енді.