Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«СӘУЛЕҢ БОЛСА КЕУДЕҢДЕ»

«СӘУЛЕҢ БОЛСА КЕУДЕҢДЕ»

Абайдың ауыр ой мен ауырған шерлі жалғыздық көкірегіңде түн тұнған әрі заман қысымы тудырған мұңлы да өкінішті ой толғанысы.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (6-бөлік. Насихат туралы. 53-бет). Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1939, 1945, 1957, 1977жылғыжинақтардаөлеңнің 3-жолы 1909 жылғы басылым негізінде «Егер сәулең болмаса» болып берілсе, бұл жол Мүрсейіт қолжазбаларында «Егер сәулең жоқ болса» делінген. 1939, 1954, 1957, 1977 жылғы жинақтарда 34-жол Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Ел тыныш болса, жақсы сол» түрінде алынса, 1909 жылғы басылымда «Ел ит болса, жақсы сол», 1945 жылғы жинақта «Өз басындық болар сол»болып енген. 1909,1945,1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда және Мүрсейіт қолжазбаларында 22-жол «Сулай алмас жазғы төл», ал 1939жылғы жинақта бұл жол «Шулай алмас жазғы төл» деп берілген.

Өлең не жайында?

Өлеңінің ең басты ой сарыны –«Единица –жақсысы, Ерген елі бейне нөл» ұғымында жатыр. Бұл жолдар арқылы Абай елді ақылмен, әділеттілікпен билеген жеке адамға, кемел тұлғаға ерекше мән береді. Ел басқару жүйесінде анархистік бассыздыққа жол бермейтін, елін береке, бірлікке бастайтын кемел басшыны аңсайды. Қазақ елін билеу жүйесіне отаршыл өкімет алдын-ала ұзақ даярлықпен келіп ендірілген болыстық сайлау жүйесі, шынында да, қазақ халқының бірлігін бұзып, берекесін кетіріп, тұрмыс жағынан мүлде әлсіреп, мінез-құлқы жағынан да азғындауға ұрындырды. Абай осы жағдайдың зардабын ұлылықпен терең сезінген. Ақын берекесі кеткен елді «суы ашыған батпақ көлге» теңейді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7буынды, ерікті ұйқаспен жазылған, көлемі 36 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, белорус, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Сәулең болса кеудеңде,

Мына сөзге көңіл бөл.

Егер сәулең болмаса,

Мейлің тіріл, мейлің өл.

Танымассың, көрмессің,

Қаптаған соң көзді шел.

Имамсыздық намазда —

Қызылбастың1 салған жол.

Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бір кемел?

Берекелі болса ел –

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды соқса жел.

Жан-жағынан күркіреп

Құйып жатса аққан сел,

Оның малы өзгеден

Өзгеше боп өсер тел.

Берекесі кеткен ел –

Суы ашыған батпақ көл.

Құс қаңқылдап, жағалап,

Сулай алмас жазғы төл.

Оның суын ішкен мал

Тышқақ тиіп, аспас бел.

Көл деп оны кім жайлар,

Суы құрсын, ол бір – шөл.

Единица2 – жақсысы,

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?

Берекеңді қашырма,

Ел тыныш болса, жақсы сол.

Рас сөзге таласып,

Ақжем болма, жаным, кел!

1Қызылбастар – қызылбаши (түрікше) – Иран жеріндегі көшпелі түріктерден құрылған, шах Исмаил бірінші мемлекетінің ең басты күші болады. Қызылбастар әскери жауынгерлерінің ерекшелік белгісі – он екі қызыл жолақты сәлде болған. Парсы жұртын қызылбастар деп атау осыдан шыққан.

2Единица (орысша) – жалғыз, дара.