Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ»

«БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ»

Абайдың «білімдіден шыққан сөздің» қадір-қасиетін талапты, саналы адам ғана түсінетінін атап айта келіп, талапсыз, ойсыз, жалқау, бойкүйез желөкпелерді жерлеп, шенеп жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (1-бөлік. Халық туралы, 22-бет). Туындыда аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Басылымдарда өлеңнің 7-шумағының 3-жолы «Дертті ішіне ем көріп» деп берілсе, Мұрсейіт қолжазбаларында бұл жол «Жаралы ішке ем керіп» делінген.

Өлең не жайында?

Тақырыбы мен идеясы жағынан бұл туынды ақынның «Көзінен басқа ойы жоқ…», «Өзгеге, көңілім, тоярсың…», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…», «Алыстан сермеп…», «Біреуден біреу артылса…», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы…», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол…» секілді өлеңдерімен үндес, сарындас.

Ақын жаманға тән мынадай ерекшеліктерді атайды: түзу сөзге сенбеу, тыңдауға, ұғуға құлқы, ынтасы жоқ, бойкүйез, бірақ тыңдауға құмарсып, ұққыш жансып бекер шабыну, ақыл, ойында байлам жоқ, айтшыл да тойшыл, қызшыл да қызықшыл болып, біресе ыржаң, біресе қылжаң қағу. Мұндай жан үшін ақыл да бір, денедегі арам бөз де бір. Қулық,сұмдықнеөсек, иә болмаса сұлу қыз, батыр мен барымташы жайы айтылған қысыр, қыңыр сөз болмаса, жаманның жабық көкірегіне білімнің, ақылдың сөзі ене алмайтыны шыншылдықпен суретті де бейнелі баяндалады. Мұндай ит мінезге ақын сөз парқын білетін талапты адамның қасиеттерін қарама-қарсы қояды. Жақсы деген жанның көкірегінде білімдіден шыққан сездің нұрын керіп, сырын тани алатын кез болатынын, жүрегі сезімді, көңілі сергек келетінін бірде бейнелеп, бірде пернелеп айту арқылы ұлы ақын өз шығармасының мазмұнын байытып, ажарын аша түседі. Абайдың ақындық-азаматтық талабы, эстетикалық нысанасы тұрғысынан келгенде, терең айтылған білім сөзін көңілінің көзі ашық, ойы сергек жақсының шын көңіл беріп, жаны еріп ұғуы ғибратты іс қана емес, үлкен ғанибет болып табылады.

Қай жанрда жазылды?

Өлеңнің 1-шумағы 7 буыңды қара өлең үлгісімен, қалған шумақтары ғаруз үлгісімен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 8 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең ағылшын, араб, әзербайжан, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге,

Көкірегінде болсын көз.

Жүрегі – айна, көңілі – ояу,

Сөз тыңдамас ол баяу.

Өз өнері тұр таяу,

Ұқпасын ба сөзді тез?

Әбілет басқан елерме,

Сөзге жуық келер ме?

Түзу сөзге сенер ме,

Түзелмесін білген ез?

«Айтшы-айтшылап» жалынар,

Ұққыш жансып шабынар.

Ұқпай жатып жалығар,

Ұйқылы-ояу бойкүйез.

Жас баладай жеңсікқой,

Байлаулы емес ақыл, ой.

Ойлағаны – айт пен той,

Ыржың-қылжаң ит мінез.

Сұлу қыз бен я батыр

Болмаған соң, тәңірі алғыр,

Шығып кетер, я қалғыр,

Оған ақыл –арам без.

Жақсыға айтсаң, жаны еріп,

Ұғар көңіл шын беріп,

Дертті ішіне ем көріп,

Неге алтынды десін жез.

«Ой, тәңір айшыл» кер есек,

Қулық, сұмдық не өсек

Болмаған соң, бір есеп –

Мейлі қамқа, мейілі бөз.