Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«МӘЗ БОЛАДЫ БОЛЫСЫҢ»

«МӘЗ БОЛАДЫ БОЛЫСЫҢ»

Абайдың болыстың қолымен жасаған нақты ісін ғана емес, сонымен қатар оның көп сырын бүгіп, бүркеп жатқан ішін де ашып көрсете отырып, адам мінезін ашудың ұтқыр да ұтымды тәсілін шебер көрсеткен өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. Халық туралы. 21-бет). Өлеңнің жазылу тарихы туралы: «Мәз болады болысың» деген өлеңді 1890 жылы Семейге барон Таубе деген генерал-губернатор келіп, бірсыпыра болыстарға, билерге шекпен, қылыш сыйлаған, сондағы шекпен алған болыстардың қуанғанына ыза болып жазған. «Өзіне де қос ауыз мылтық сыйлап еді», — дейді Тұрағұл.

Өлең не жайында?

Өлеңде болыс болған қазақтың мінез-құлқы үшінші жақтан суреттеледі.

Ұлықарқаға қақса, мәз болып, иығына шекпен жапса, шат болып, әр жерде жоқты-барды шатып, күпініп, қампайып, шалқып жүрген болыс әлдебір қуанышы үшін үй-ішін, ауыл-аймағын түгел әурелеп, өбігерге түсіреді. Ол ісі оңға басса, күлмеңдеп, өлең қағып, көзін аспанға еліртіп әуреленіп-ақ қалады, қасқайып, мақтанға салынады, бас пайдасы, қүлқын қамы үшін біреулерді қақпанға түсіруді ойлайды, оның жөні келіп ел ішінен бір дәмдіні татып, өңеші майлана қалса, қолын шапалақтап жас баладай қуанады.

Болыстың ісі әлгіндей болып суреттелгенде, оның қуанышының түрі мынадай түрде айшықталады. Ақын болыстың ісі мен ішін бірде жарыстырып, бірде даралап әрі саралап көрсетіп алған соң, оны өз тарапынан бағалауға ауысады. Болыстың жаман қылықтарын оқырмандарының көз алдына көлденең тартады да, ақын ойлы жанға болыстан да, оның ықпалынан да алыс болуға кеңес береді.«Миың болса, жолама, Бос желігіп шапқанға»дей келіп, жамандықтан қашқанның жаман болмайтынына меңзейді. Өлеңнің соңында өзіне-өзі мәз болып, өз буына өзі піскен надан болыстың өзге түгіл, өзінің табан жолына да жарығын тұсіре алмайтын қараңғылығына, оның ісініңде, өзініңде баянсыз, опасыздығына білім нұры, ғылымжарығы қарама-қарсы қойылады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең шалыс ұйқасты үлгіде жазылған, әрқайсысы 4 тармақты 12 шумақтан тұрады. Мазмұны, мәні жағынан ақынның «Болыс болдым, мінекей» шығармасымен үндес, сарындас.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға.

Күнде жақсы бола ма,

Бір қылығы жаққанға?

Оқалы тон тола ма,

Ар-ұятын сатқанға?!

Күлмең қағып қасқайып,

Салынып ап мақтанға,

Таңқаламын, қампайып

Жоқты-барды шатқанға.

Үйі мәз боп, қой сойды

Сүйіншіге шапқанға.

Әуре қылды, салды ойды

Үйдегі тыныш жатқанға.

Еш нәрсе емес жұбанар,

Ақыл көзбен баққанға.

Жас баладай қуанар,

Бір дәмдіні татқанға.

Көзі барлар ойының

Күлер к…н ашқанға.

Қасиетін бойының

Бекер төгіп шашқанға.

Қуанарлық қыз емес

Жылтырауық таққанға.

Өзгелерді, біз емес,

Түсірмекші қақпанға.

Осы да есеп бола ма

Ар, абұйыр тапқанға?

Миың болса жолама

Бос желігіп шапқанға.

Бір бес надан, оңбассың,

Нансаң, оның қосқанға.

Жасық, жаман болмассың,

Жамандықтан қашқанға.

Ол «болдым-ақ» дей берер,

Бұлғақ қағып басқанға.

Елең қағып елбірер,

Елертіп көзді аспанға.

Жайы мәлім шошқаның,

Түрткенінен жасқанба.

Бір ғылымнан басқаның

Кеселі көп асқанға.

Одан үміт кім қылар,

Жол табар деп сасқанда?

Үйтіп асқан жолығар

Кешікпей-ақ тосқанға.