Абайдың сахара табиғатының өзгеше бір кезеңіне арналған өлеңі.
Қашан жазылды?
Табиғат көріністері мен көшпелі елдің өмір-тұрмысын, тіршілік әрекетін шеберлікпен бейнелеген ақын бұл өлеңін 1883 жылы жылы 38 жасында жазған.
Қайда жазылды?
6шумақтан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (12-бөлік. Күз, 68-бет). Басылымдарында бірқатар текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіттің 1905, 1907 жылғы қолжазбаларында, 1939, 1945 жылғы басылымдарда 1-шумақтың 2-жолы «Күз бояса, дымқыл тұман жерді басқан» болса, 1954, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасы негізінде «Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан» деп алынған. Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында 4-шумақтың 1-жолы «Қаз, тырна қатарласып қайтса бермен» деп көрсетілсе, Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларында, басылымдарда «Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен» делінген. Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында 6-шумақтың 1-жолы «Күз отырған оты жоқ елдің маңы», осы шумақтың 3-жолы «От жақпаған үйінің сұры кетті» болса, бұл жолдар жинақтарда, Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбалары мен 1909 жылғы жинақ бойынша «Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы», «От жақпаған үйінің сұры қашып» деп алынған.
Өлең не жайында?
Абай бұл өлеңінде жылдың төрт мезгілін суреттейтін басқа өлеңдеріндегідей үлкен ақындық шеберлік таныта отырып, табиғат көріністеріне жанастыра ауылдың күнделікті машықты өмір тұрмысын мейлінше қарапайым нақтылы түрде, ешқандай көріктемей, әдейі әсірелеусіз сипаттайды. Аспанды қаптаған сұр бұлтты, жерді басқан дымқыл тұманды, жапырағы түскен ағашты, сарғайып тозған күзеуді суреттеу арқылы көшпелі ауыл тіршілік ететін табиғи ортаны, айналаны нақтылы қалпында айқын көзге елестетеді.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, араб, әзербайжан, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы1 жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.
1Астық екпеген ел басқа елге түйемен барып астық алып қайтады, сонда түйе бос барады да, шом артады.