Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«БӨТЕН ЕЛДЕ БАР БОЛСА»

«БӨТЕН ЕЛДЕ БАР БОЛСА»

Абайдың Көжекбай Жамантайұлына және сол секілді атқамінерлерге бағыштап жазған сын өлеңдерінің бірі.

Қашан жазылды?

Қоғамдық мәні зор бұл өлеңін Абай 1887 жылы 42 жасында жазған.

Қайда жазылды?

168 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта басылды (1-бөлік, Халық туралы, 16-18 беттер). 1933 жылғы «Толық жинақтан» бастап, «Көжекбайға» деп аталып келеді. Оған себеп: «Сабырсыз, арсыз, еріншекті» жазып болып оқып бергенде, Абайдың қасында болып, атын ерттеп беріп жүретін жолдасы, қарасақау деген (шын аты Құсайын) «Көжекбай қалды ғой» деген екен. Сол сөз қамшы болып, «Бөтен елде бар болса» деген өлеңін Көжекбайға арнапты, – дейді Тұрағұл берген мағлұматта.

Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы жинақта 10-жол «Желіккен жауға кез болса», 34-жол, «Аулаққа шығып бірінің», 87-жол «Еркінді жерде ызақор», 96-жол «Егер күші жетпесе», 162-жол «Сенімсіз болды алашқа» деп алынған. 1933, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бүл жолдар Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы жинаққа сәйкес «Желіккен жауың кез болса», «Аулаққа шығып біріне», «Еркін жерде ызақор», «Егер күші жүрмесе», «Сиымсыз болды алашқа» ретіңде қабылданған.

Өлең не жайында?

Тобықтының Мамай атасынан шыққан Жамантайұлы Көжекбай деген кісіге арналған. Бір кезде ақынмен дос-жаран болып, кейінгі кейбір мінездері ұнамағандықтан, Абай соған бағыштай сын өлеңдер жазған. Бұл өлеңнің негізгі мазмұны – Абай заманындағы қазақ қауымында етек алған атқамінерлер арасындағы бас араздық, бақастық, солармен іштей астасып жататын ағайын арасындағы кикілжің, дүрдараздық көріністерін сынау.

Бұл өлеңді М.Әуезов талдай келіп: «Ел ішіндегі атқамінер, бүліктің атын «Көжекбай» деп атап тұрып, соның бар мінезін, іс-әрекет, қимыл-құбылысындағы бейнесін сипаттап» бергеніне назар аударады. Ақын бір Көжекбай емес, көп Көжекбайдың психологиясынан жиынтық бейне жасаған.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7, 8 буыңды жыр үлгісінде жазылған, кейде егіз, кейде шалыс, кейде аралас ұйқаспен қиысып, шумақтың ақырына дейін үдеп отырады, көлемі 168 жол. Шығарма жеке адамға арнап жазылғанымен, оның жинақтаушылық сипаты басым, қоғамдық мәні зор, әлеуметтік әуені күшті.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Бөтен елде бар болса

Ежеттесің, сыйласың,

Сыбырлас, сырлас көп болған,

Көптен тату қимасың.

Басыңа жұмыс түскен күн

Татулықты бұрынғы

Не қылып ол ойласын?

Ашып берер жауыңа

Өзі көрген қоймасын.

Желіккен жауға кез болса,

Араздығы сөз болса,

«Бәрекелді батыр» деп,

«Мықты боп бара жатыр» деп,

Мақтап-мақтап қоздырар.

Ескі досын көргенде,

Есебі жоқ ант ішіп,

Аруақ, құдай айтысып,

Сыр алғалы айттым деп,

Жауыңды алдап қайттым деп,

Құдайдан қорықпай, антұрған

Иман жүзін тоздырар.

Келіп-кетіп көп жүріп,

Мен досыңмын деп жүріп,

Дұспандығын оздырар.

Алдайды деп жауыңа,

Ел тарттырмай баурыңа,

Көрінгенді азғырар.

Кеселді болып бітеді

Жақсыға біткен жақындар.

Жау жағадан алған күн

Өздері иттей тақымдар.

Үйде отырып ескенде,

Бәрі шешен қақылдар.

Аулаққа шығып біріне

Бірі сөзін мақұлдар.

Жау көп болса басыңда,

Бірі қалмас қасыңда,

Жетектесең, табандар.

Далаға шығып өзіңді

Жаудан бетер жамандар.

Жалбарынып күн көріп,

Жақынын сатып, жөн көріп,

Қалтаң-құлтаң амалдар.

Туысқанға кекшілі

Жас баладан бетер-ді,

Ойлау да жоқ, білу жоқ

Келер менен кетерді.

Жақынға еріп, мал салмай,

Жауды көріп, жан салмай,

Қайдан ғана біледі

Ауыр менен жеңілдің

Арасымен өтерді?

Жолдас аз боп сасқанда,

Әуел сонан есітесің

«Ат үстінен көтерді».

Ауыр жұмыс кез болса,

Араздығы сөз болса,

Араз кісі болғансып,

Сылтау етер бекерді.

Үйренбейді кісіден,

Кіржіңдеп жүріп кекерді.

Оңалып егер алдыңыз

Әр жерден-ақ көбейер

Ажарлыңыз, малдыңыз.

Пәленшені ұрам деп,

Түгеншені қырам деп,

Таршылықта қайраңдап,

Кеңшілікте ойраңдап,

Көп батырға қалдыңыз.

Егер тілін алсаңыз,

Бірі қалмас кісіден,

Егер тілін алмасаң,

Бықсып шірір ішінен.

Әркімде-ақ бар ғой туысқан,

Қайсысы жауды қуысқан?

Күн жауғанда қойныңда,

Күн ашықта мойныңда,

Арылмас міндет болған соң,

Әркімнің көңілі суысқан.

Жақсыға біткен ағайын

Өз үйіңде кезексіз

Шешен келер сартылдап.

Біреу білер жер келсе,

Сөз таба алмас қалтылдап.

Қалжыңға келер шорқақтау,

Жауға келер қорқақтау,

Еркін жерде ызақор,

Томырық келер тарқылдап.

Әдеппенен тамылжып,

Мінезі тәтті болмайды,

Сасық паңдау келеді,

Қырт, мақтаншақ оңбайды,

Кісімсініп жалпылдап.

Біреуге өктем іс қылса,

Өз күшім деп ойлайды.

Егер күші жүрмесе,

Бағанағы жақсының

Қылғаны деп қоймайды.

Жат айбынар ісі жоқ,

Жау айдынар күші жоқ,

Өз еркіне жіберсең,

Ешнәрсеге тоймайды.

Қалжыңы – теріс, сөзі – ұрыс,

Айтқан сөзге көнбейді.

Өз тентегін көрмейді,

Қазан бұзар бір қырыс.

Сондай кесел туысқан

Қай жерінен болады

Көңілге медеу, ол тыныс?

Жалығуды пәледен

Жұрт ұмытты біржола.

Шыныменен тамам ел

Кете ме екен ит бола?

Ішкені мас, жеген тоқ,

Уайым айтар біреу жоқ,

Тым болмаса болмады

«Бұлт ала, жер шола».

Келелі кеңес жоғалды,

Ел сыбырды қолға алды.

Ел ішінде бітімші

Түгел алып қайтпайды

Сұрай келген бір малды.

Ел жамаған билер жоқ,

Ел қыдырып сандалды.

Астыртын барып жолғасқан,

Ақша беріп жалғасқан,

Ақысын әрең сол алды.

Орыс сыяз қылдырса,

Болыс елін қармайды.

Қу старшын, аш билер

Аз жүрегін жалғайды.

Орыссыз жерде топ болса,

Шақырған кісі бармайды.

Бітім қылып бір кісі

Адал малын алмайды.

Қызығы кеткен ел бағып,

Қисыны кеткен сөз бағып,

Ендігі атқа мінгендер

Күнде ертеңге талмайды.

Бас қосылса арысқа,

Кім шабады намысқа?

Жатқа қарар беті жоқ,

Жалынбай тұрар к… жоқ,

Ісі кетер шалысқа.

Ел бүлігі Тобықты

Көп пысыққа молықты.

Малдының малын көре алмай,

Борышын түгел бере алмай,

Көрінгенге обықты.

Қазақтың малын сапырып,

Көп бәлеге шатылып,

Кесепатқа жолықты.

Өзінен шыққан жақсылар

Түзей алмай зорықты.

Бөтен елдің адамы,

Тынбаған соң арамы,

Көңілі әбден торықты.

Саудагер қашты бұл елден,

Несиесін жия алмай.

Бұралқылар сандалды,

Жуандарға сыя алмай.

Сенімсіз болды алашқа,

Барымтасын тыя алмай.

Нанымы жоқ, анты бар,

Ел нұсқасы кетті ғой,

Елмін деген салты бар,

Әлі күнге уайым Қылған жан жоқ, ұялмай.