Абайдың әлеуметтік-психологиялық лирикада өз өміріне шолу жасап жазған өлеңі.
Қашан жазылды?
Өмірдегі өзін, айналасын сынға алып, өкінішін білдірген бұл өлеңін Абай 1886 жылы 41 жасында жазған.
Қайда жазылды?
32 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Түпнұсқасы Мүрсейіт қолжазбаларынан (1907, 1910) алынып, алғаш рет ақынның 1939 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды (I том, 70-71 беттер). Өлеңнің басылымдарында аз-кем текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1939 жылғы жинақта 4-шумақтың 3-жолы «Қылт етпеген көңілдің кешуі жоқ» түрінде берілсе, бұл жол кейінгі басылымдарда «Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ» делінген.
Өлең не жайында?
Зерттеушілердің пікірінше, өлеңнің тууына 1884-1886 жылғы Тобықты ішіндегі партиягершілік көріністер, алауыздықтар себеп болған. Лирикалық қаһарман өз өміріне шолу жасайды. Осы өмірдегі өзін, өзінің айналасын сынға алып, өкінішін білдіреді. Ойшылсып жүріп, құр мақтаншылыққа ұрынғанына, қызық қуып «ыржаң-қылжаң ит мінезге» тап болғанына, дос-жарандықтың жәдігөйлік пен жалғандыққа ұласқанына күңіренеді. Сеніскен досының болмағанын, өмірінің көбі өкінішпен өтіп кеткенін, ақыры оны жазып өлең қылғанын толғайды. Мақсатсыз бос бесу, ойсыз, арсыз күлкі адал достыққа ақау түсірер, шын жолдастықты жоғалтар әзіл екенін айтады.
Қай жанрда жазылды?
Әлеуметтік-психологиялық лирикада жазылған өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 8 шумақтан тұрады, көлемі 32 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды ағылшын, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп.
Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін,
Көп надандар өзіне тартар бейім.
Арылмас әдет болды күлкішілдік,
Ыржаң-қылжаң ит мінез дегендейін.
Тура тілді кісіні дейміз орыс,
Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.
Жылпылдақтан айрылып, сенісе алмай,
Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.
Сенімі жоқ серменде1 сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы.
Дос-асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі.
Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз –
Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.
Сеніскен досым да жоқ, асығым да,
Ақыры өлең қылдым, жасыдым да.
Көрмеген көп дүние көл көрінді,
Кірлемеген көңілдің ашығында.
Құдай берген бұл достық – кәннің2 бірі,
Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі.
Қолдан достық жасап ем болар-болмас,
Итмұрындай наданның жыртты бірі.
Сол досты сая таппай іздейді жан,
Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан.
Жау жабылса бұзылмас жан көрмедім,
Артық жолдас таппадым татулықтан.
1Сенделіп босқа жүрген адам. Негізгі парсының шаһрбант деген сөзінен шыққан.
2Кән (арабша) – кен, кеніш (рудник). Ауыспалы мағынада: мейірімділік бастауы, қайырымдылық, ізгілік; негізгі мағынасында Құдайдың эпитеті.