Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ШОҚПАРДАЙ КЕКІЛІ БАР, ҚАМЫС ҚҰЛАҚ»

«ШОҚПАРДАЙ КЕКІЛІ БАР, ҚАМЫС ҚҰЛАҚ»

Ақынның жаратылыстың жанды бір бейнесі болған бәйге атқа арналған өлеңі.

Қашан жазылды?

Бұл өлеңді Абай 1886 жылы жазған. Өлеңнің жазылу тарихы Көкбайдың естелік-әңгімесінде баяндалады. Абай Көкбайға Абылай мен Кенесарының өмір тарихын ұзақ әңгіме қылып айтып беріп: «Осыны өлең қыл» дейді. Ұзақ дастан жазып әкеліп, Абайға оқып бергенін айта келіп, Көкбай: «Осы өлеңнің ішінде Наурызбайға Меркенің бегі берген Ақауыз аттың тұлғасын сипаттап едім. Ол атты менің сөзіммен сынады да: «Мынауың шыға тауып, жайылып қалатын ат болған екен» деп, сол күндерде «Ақауыз атты жазамын» деген белгілі ат сынын шығарды. Басында мұны Ақауыз аттың сипаты деп айтқан соң: «Абылай – Кенесары» жырына кіргізейін бе?» — деп сұрап едім. «Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой», — деп кіргіздіртпеді», — дейді.

Қайда жазылды?

8 шумақтан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет Қазан қаласында басылған «Князь бен Зағифа» атты жинақта (1897) жарияланды. Кейіннен 1909 жылы Санкт-Петербургте жарияланған жинақта басылған (16-бөлік, Аттың сыны, 97-бет). Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 2-шумақтың 2-жолы «Алды-арты бірдей келген ерге жайлы» болса, кейінгі жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Алды-арты бірдей келсе, ерге жайлы» делінген. 1909, 1933 жылғы басылымда 6-шумақтың 4-жолы «Белдеуде тыныш тұрсын байлап көрсек» деп көрсетілсе, кейінгі жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек» деп алынған. 1939, 1945 жылғы басылымдарда 7-шумақтың 1-жолы «Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем» болса, қалған жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы басылымы бойынша «Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем» деп берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 8-шумақтың 2-жолы «Кісіні бұл-бұл қағып жүргізгендей» болып алынса, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол «Кісіні бол, бол қағып жүргізгендей» деп көрсетілген.

Өлең не жайында?

Бәйге аттың мүсінін сынап санауда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне, аса білгір саятшы, атсейіс сыншы боп шығады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған, әрқайсысы 4 тармақты 8 шумақтан тұрады.

«Мазмұнында ат жайын аса білгірлікпен дәл айтуды мақсат етіп алған шығарма өлеңдік құрылыста, сөздік байлықта, ақындық орамды шешендікте де біртегіс, тұтас келісімді танытады. Өте нақтылы, шыншыл, дәлшіл үлгіні көрсететін, реалистік шеберлікпен толық шыққан көркем шығарма» (М.О.Әуезов).

Қай тілдерге аударылды?

Туынды қарақалпақ тіліне аударылған.

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,

Қабырғалы, жотасы болса күшті.

Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.

Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,

Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,

Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.

Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендігі сығыңқы, аламайлы.

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,

Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,

Бейне жел, тынышты, екпінді, мініп жүрсек.

Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,

Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.

Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем,

Иек қағып, еліріп басса әсем.

Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас,

Разы емен осындай ат мінбесем.

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,

Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.

Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,

Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.