Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАНЖАР»

«ҚАНЖАР»

(М.Ю.Лермонтовтан)

1896

Абайдың М.Ю.Лермонтовтан махаббат, ғашықтық сырларын айшықтап аударған туындысы.

Қашан жазылды?

Жігіт пен қыздың арасындағы махаббаттың, сертті сақтаудың, сезімге адал болудың бір сәттілік сезімін поэзия тілімен көркем жеткізген «Қанжар» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта  жарияланды.

Өлең не жайында?

Абайдың аудармасы орыс тіліндегі нұсқадан бір шумаққа кем. Алайдан одан өлеңнің көркемдік шешіміне көп нұқсан келмеген. Өр Кавказдың ержүрек халықтарының тұрмысынан танымдық-этнографиялық мазмұнда мәлімет беретін өлеңде сүйкімді, жайнаған, болат қанжардың лирикалық кейіпкер қолына қалай тигені айтылады.

Қан майданда жауға қарсы қолданылатын суық қаруды қандай ұста жасағанын және оның кімге арналғанын білдірген автор қимас сезім құшағында тұрған қыз бен жігіттің қоштасар сәттегі жағдайын көркем суреттейді. Адам жанын қиятын болат қанжардың жүзінен қан сорғалайтын еді. Енді қанның орнына сүйікті жанның ыстық жасы ақты деп автор қимас сәттің тебіреністі көрінісін айшықты бейнелеген. Қызыл қан мен ыстық жас, өлімге ұшырататын болат қанжар мен махаббат сыйлайтын нәзік жанның қолы. Қарама-қарсы ұғымдар. Лермонтов та, Абай да антитезалық тәсілді сәтті қолданған.

Сүйгенінен айырылғысы келмеген жігіттің бойын құпия қайғы өртейді. Қыз болса жалынға салынған болаттай дірілдейді, оттай жанады. Қимастық сәт бейнелі тілмен шебер суреттелген.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.2. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.23]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең махаббат лирикасы жанрында жазылған. Көлемі үш шумақтан тұратын аудармада Абай қоштасар кездегі қимастық жағдайда тұрған екі жастың сезім толқыныстары мен көңіл толғаныстарын қанжар деталі арқылы сәтті суреттеген.

Сүйкімді болат қанжар, тұрсың жайнап,

Ыстық, суық майданда шығады ойнап.

Грузин ашулы ұста кекке соққан,

Ер шеркес соғыс үшін алған қайрап.

Еркелі нәзік қолмен маған тиді,

Ұмытпа деп айрылған жерде берді.

Қан сорғалар жүзінде жас сорғалап,

Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.

Қара көз қарап маған көп қадалған,

Құпия қайғы өртеніп бойын алған.

Болатша дірілдеген жалын көрген,

Бір күңгірт тартып және оттай жанған.