Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ТҰТҚЫНДАҒЫ БАТЫР»

«ТҰТҚЫНДАҒЫ БАТЫР»

(«ҚАРАҢҒЫ ҮЙ ТЕРЕЗЕСІ – ТҰТҚЫН ОРНЫ»)

(М.Ю.Лермонтовтан)

1894

Абайдың орыс ақыны М.Лермонтовтың «Пленный рыцарь» атты өлеңінің көркем аудармасы.

Қашан жазылды?

Бұғауға бағынбаған асау жүректің тұлға еркіндігін, рух асқақтығын жаншыған зұлымдық атаулығы қарсылығын танытатын «Тұтқындағы батыр» («Қараңғы үй терезесі – тұтқан орны») өлеңін Абай 1894 жылы 48 жасында аударған.

Қайда жазылды?

20 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Абай М.Лермонтовтың жалын мен оттан жаралған еркіндікке іңкәрлік, азаттық іздеп аласұрған мұңды өлеңдерін аударуға ерекше ден қойды. Рухани үндестік тауып, көңіл түкпіріндегі шерін тарқатады, жан әлемін тазартады. Күреске түскен батыр бейнесін суреттеп, тәні бұғауда болғанымен жаны, рухы дүниеге сыймай аласұрған асқақтығын әсерлі жеткізеді. Тұтқындағы асау жүрек бұғауланғанымен, ой аңсары қан майдан, алмас қылыш, дулыға болған көңіл толқынын айшықтайды. Көк аспаннан қуат, ұшқан құстан еркіндік рухын сіңірген тұтқындағы батырдың ой ағысы, сана сорабы азаттық аңсарымен айшықталған. Қан майданда қайрат қылған айбынды ер пырағынан айырылған пұшайман күйіне налығанымен, семсердей сертіне адал тұлғалық қасиетінен танған емес. Қараңғы қапаста жарық күнді көруге зар болған шерменде жан қайсар мінезінен таймайды.

«Уақыттай өзі жүйрік ат мінеміз, Сауыттай шынжырлаулы тереземіз. Тас дулыға болмай ма жатқан үйім, Шарайнам шойын есік бұ да бір кез», — деп рухының аласармас биіктігін, алдаспандай өткірлігін айтады. Бұғауға бағынбаған асау жүрек тұлға еркіндігін жаншыған зұлымдық атаулығы қарсылығын танытады. Ары таза тас түлек азаптан тайсалмайды, ажалдан түршікпейді. Лирикалық қаһарман тән өліміне бойұсынғандай болғанымен, жанының рух еркіндігіне самғайтынына күмән келтірмейді. Өзі өмір сүрген бейуақыттағы қоғамдық келеңсіздіктерге, әлеуметтік қайшылықтарға ой жүгіртеді. Алдаған, арбаған қу соқпақ толассыз тіршілік тайталасындағы жүрекке у сепкен қиянатқа кейігенімен, гуманистік идеясымен адамшылық қасиетпен тиянақ табуға шақырады. Адамгершілік пен азаматтықтың тозбас үлгісі, өміршең өнегесін ой талқысына салады [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.218]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Психологиялық тереңдік, гуманистік мазмұндағы өлең көңіл-күй және саяси-әлеуметтік лирика жанрында жазылған. Шығарма көлемі түпнұсқада да, аудармада да 20 жол. 11 буынды қара өлең ұйқасымен (-а, -а, -б, — а) жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Қараңғы үй терезесі – тұтқын орны,

Көгерген көктің жүзі ескі формы.

Азат құстар аспанда ойнап ұшса,

Ұялып қарай алмас мендей сорлы.

Тәубә жоқ, дұға да жоқ тентек бойда,

Өлең жоқ айтып жүрген талай тойда.

Қан ағып, қайрат қылған майдан менен

Ауыр қылыш дулыға бірақ ойда.

Тас дулыға, тас сауыт киінгенім,

Денемді қысып жатыр бүгін менің.

Оқ пен қылыш бұзбастай киінсем де,

Қайран атым, иең жоқ жалғыз сенің.

Уақыттай өзі жүйрік ат мінеміз,

Сауыттай шынжырлаулы тереземіз.

Тас дулыға болмай ма жатқан үйім,

Шарайнам шойын есік бұ да бір кез.

Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыр,

Денемді сауыт-сайман қысып жатыр.

Бұрын сені біреуге көп жұмсап ем,

Енді өзіме шақырдым, ажал батыр.