(«Не осенний мелкий дождичек» орыс өлеңінен)
1892
«Не осенний мелкий дождичек» деп басталатын орыс өлеңінің (сөзі А.А.Дельвигтікі, муз. М.И.Глинканікі) 1892 жылы Абай еркін тәржімелеген туындысы.
Қашан жазылды?
Әдеби аудармасы суреткерлік шеберлік жағынан да, идеясы жағынан да жаңа көркемдік қуатымен барынша түрленіп берілген өлеңді Абай 1892 жылы 46 жасында аударған.
Қайда жазылды?
16 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Абай алты шумақтан тұратын А.Дельвиг өлеңінің жалпы мағынасын сақтап, еркін аударма жасаған. Ақын өлеңінде жастық шақтың сынаптай сырғыған мұңлы өкініші, бақытқа қолы жетпеген шерменде күйініші айтылады. Сүйіспеншілік күйігінде жабырқаған жігіттің еңсесін тіктететін, тәуекелге бел байлататын жалынды сөзімен жанын сергітеді, намысын жаниды. Құдайға сыйынып, ән құдыретінің мөлдір шуағына бөленіп, жаныңды жадырат, көңіл түкпіріңді нұрландыр, күңгірт ойдан арыл дейді. Махаббаттағы сезім құбылуын, «бүгін – жалын, ертең – шоқ» тұрақсыздық кейпін де барша табиғи қалпымен көмкереді.
Абай аудармасы өлең өрімінде көркемдік жағынан да, идеясы жағынан да жаңа көркемдік нәрімен барынша түрленіп отырады. Жабырқау тартқан жүрек күйігі заманның, өмірдің қайғысымен астастырылады.
Абай А.Дельвиг өлеңінің орыс тұрмысы, орыс кейпі суреттелген бесінші шумағын аударуды жөн көрмеген. Өлеңнің түпнұсқа тілінде қайта оралмас жастық шақ дәуренін сағыну аңсарында «Соны ойлап, қамыққан шақта, көңіліңді арақпен сейілт» деп орыс халқының ментальды танымымен түйінделген болса, Абай ұлттық болмысты, дүниетанымды басты назарда ұстайды. Сондықтан да өлеңнің екінші шумағындағы «Атаңды анаң азғырып, Тұрғызбаған бейішке. Алласы оны жазғырып, Әкелді бастап кейіске», – деген жолдарды өз жанынан қосады. Қазақ танымымен ұштастырады. Адамзат баласына ортақ Адам ата мен Хауа ана хақындағы байырғы аңыз желісін аңдатып, одан сыр тартып, сүйіспеншілік сезім сергелдеңіндегі жас жүрек аптығын басады. Ауыр қайғы күйіне салына бермей, бекемдік, батылды сипатындағы ер мінезді ірілікке шақырады, өрлік өрісін меңзейді [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.186]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Абай «Сұрғылт тұман дым бүркіп» өлеңіне ән шығарған. Әнді 1953 жылы композиторлар Л.Хамиди мен Б.Ерзакович Ә.Ысқақовтың, С.Қасимановтың айтуы бойынша нотаға түсірсе, 1984 жылы Абайдың немересі М.Мұхамеджановадан осы әннің 3-түрін Қ.Жүзбасов нотаға түсірген.
Қай жанрда жазылды?
Көлемі 16 жол өлең табиғат лирикасы және көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Өлең 6-7 буынды. 1-, 3- шумақтары шалыс ұйқас, 2-, 4-шумақтары егіз ұйқас үлгісінде жазылған.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең татар тіліне аударылған.
Сұрғылт тұман дым бүркіп,
Барқыт бешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды.
Әйелмісің, жылама,
Тәуекел қыл Құдаға!
Өлең айт,
Үйге қайт!
Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейішке.
Алласы оны жазғырып,
Әкелді бастап кейіске.
Әйелде ешбір опа жоқ,
Бүгін – жалын, ертең – шоқ.
Белді бу,
Бетті жу!