Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«РАХАТ, МЕНІ ТАСТАП ҚОЙМАДЫҢ ТЫНЫШ»

«РАХАТ, МЕНІ ТАСТАП ҚОЙМАДЫҢ ТЫНЫШ»

(М.Ю.Лермонтовтан)

1895

Абайдың орыстың көрнекті ақыны Лермонтовтан жолма-жол аударған көркем туындысы.

Қашан жазылды?

Көңіл-күй пернесін тебіренткен «Рахат, мені тастап қоймадың тыныш» аударма өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Абайдың бұл өлеңі Лермонтовтың «Хоть давно мне изменила радость» атты туындысының аудармасы саналады. Лирикалық кейіпкер дүниенің баянсыздығын айтып, сүйген жары, ағайын-туысы, дос-жараны – бәрі де алдағыш, тұрақсыз екенін жеткізеді. Болашақтан күткен үкілі үміттің өзі күңгіт тартты, себебі тірліктің түбі реніш екен дейді. Тағдырдың жазғанын, дүниенің дидарын жақтырмайды. Олар кейіпкерді бас игізе алмайды. Асау көңілді лирикалық кейіпкер Алладан ғана не жақсылықты, не ажалды күтіп тұрғанын жеткізеді. Қалың қауым сөзіне иланбаған ол алданған, біреуден қиянат көрген адам ешқашан біреуді алдамайды деп, өмірді соққан дауылға теңейді. Қанша қиын шақ басына түссе де, қарсы тұратынын, мойымайтынын білдіріп, кеудесінде тура сол жүрегі тұрғанда өзіне жақсылықты тілемейтінін жазады.

Ақын шығармаларында ерекше орын алатын жүрек тақырыбын көтерген «Рахат, мені тастап қоймадың тыныш» аудармасының соңында кейіпкер жүрегінің өлсе де, айнымайтынын, соңына дейін сүйіп өтетінін, өзгеден де сондай махаббатты тілейтінін жеткізеді.

 [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.244]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Аударма өлең философиялық лирика жанрында жазылған. Абай көркем аудармасында Лермонтовтың түпнұсқасындағы өлең өлшемін, шумақ санын тұтастай сақтап, туындының басты идеясын өзгертпеген.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Рахат, мені тастап, қоймадың тыныш,
Ғашық жар, ағайын, дос – бәрі алдағыш.
Жастық құмар үміттің нұры қайтып,
Күңгірт тартты, бәрінің аяғы реніш.


Ұнатпаймын тағдырды, дүниені,
Жасқантып жалынта алмас о да мені.
Алладан бәрі бір деп тосып тұрмын
Алғалы жақсылықты, я өлгелі.


Қара жұрт қарап көріп, сөзге нанбас,
Ант етемін, жалғанын жан таба алмас.
Өзі алданып, өзгеден соққы жеген,
Және өзі біреуді алдай алмас.


Соққан дауыл сияқты өмір өтер,
Қайғырмаймын, білемін, көзім жетер.
Кеудемде осы жүрек тұрған шақта
Жақсылық жоқ өзіме мен дәметер.


Ол жүректің жалынын басар бірақ,
Өлсе, көрде бастырған су топырақ.
Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп,
Таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ.