Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ»

«ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ»

(А.С.Пушкиннен)

1889

Абайдың А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин»атты романынан аударған үзінді өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударған.

Қайда жарияланды?

Мүрсейіт қолжазбаларының негізінде алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Қүнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909, 1933, 1945 жылғы жинақтарда 4-шумақтың 3-жолы «Тайды аяғым ескі дерттен» делініп келсе, кейінгі басылымдарында Мүрсейіт қолжазбасы бойынша «Тайды аяғым ескі серттен» деп алынған. 1933, 1945 жылғы басылымдарында соңғы шумақтың 1- жолы «Қорғалап қорықпа өмір бос», 4-жолы «Таппасаң ол, жүрме зар» болып берілсе, 1957, 1977 жылғы жинақтарда 1-жолы 1909 жылғы басылымға сәйкес «Қорғалап қүр өтпе өмір бос», 4-жолы Мүрсейіттің қолжазбалары (1907, 1910) негізінде «Таппасаң өл, жүрме зар» ретінде қабылданған. Ал, Мүрсейіттің 1905жылғы қолжазбасында, 1954 жылғы жинақта осы 4-жол «Таппасаң соң, жүрме зар» түрінде келеді.

Өлең не жайында?

Өлеңде Онегиннің арада бірнеше жыл өткеннен соң өзі бір кезде жар етуден бас тартқан Татьянаға қайтадан жолыққанда ғашықтық сезімін білдіріп жазған хаты көркем кестеленеді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең7-8 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Орысша нұсқа 60 жол, басы «Предвижу все, вас оскорбит, Пенальной тайны объясненье, Какое горькое презренье, Ваш гордый взгляд изобразит!» деп басталады. Абайдың өлеңі 64 жол. Ақын туындының жалпы мағынасын ғана сақтап, оны мүлде еркін аударған.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Құп білемін, сізге жақпас

Ескі жара білтелеу.

Ақ жүрегің енді ұнатпас,

Мезгілі жоқ қай медеу?

Ықтиярсыз мұңды сезім

Кетті ыршып жолыңа.

Мазағыңа бердім өзім,

Өз басымды қолыңа.

Өлі бойға жан жүгірді,

Қайратым құрыш болды, нан.

Мұз жүрегім май сықылды

Еріп, от боп күйді жан.

Қор қылуға құдіреттен,

Жүрегіме түсті өрт.

Тайды аяғым ескі серттен,

Түсті емсіз қатты дерт.

Масқаралап мені тағдыр

Қылды мазақ, не шара?

Менің үшін сен жауап бер,

Менде сөз жоқ, бишара.

Михрабым1 сен, бас ұрамын,

Тіл жете алмас ғүзіріме2

Жетпедім, не жасырамын,

Гауһарымның қадіріне.

Сен – ағашта піскен алма,

Әзір едің, алмадым.

Құп кіріптар қылды алла,

Әлде мені қарғадың?

Он сегіз мың бұл ғаламның

Бар тынысы күнде тұр.

Мен сықылды сорлы адамның

Ықтияры сенде түр.

Сен бетіңді әрі бұрсаң,

Шықты көзім, болды көр.

Жанды аларсың разы болсаң,

Біздің орын – қара жер.

Тәңірі добы – бұл ғаріп бас,

Кетті амалсыз қорлама!

Қайта қақты, қайла болмас,

Келді, түсті ордаңа.

Ақылы бар, ықтиярлы,

Пенде теппес өз жарын.

Ерік иеде, пенде зарлы,

Не білер не боларын?

Сорлы адаммын жер жүзінде,

Бір қуаныш көрмедім.

Не қыласың, ерік өзіңде,

Қайғысы асқан шерлі едім.

Менің өмірім таянып тұр,

Үзілуге әм жаным.

Ақ жүзіңді бір көріп құр,

Өлсе болмас арманым.

Күні ертең бір көрінсең

Сорлы асықтың көзіне.

Тәңірі үшін шапқатыңмен

Нан ғаріптің сөзіне!

Не болайын, тез болайын,

Ақ жүзіңді көрейін.

Бар ма өмірім, қармалайын

Жоқ болса мен өлейін.

Қорғалап құр өтпе өмір бос,

Тағдырыңа қарсы бар.

Бір өзіңнен басқа бір дос

Таппасаң өл, жүрме зар.

1Михраб (арабша) —мешіттің төріндегі молда тұратын құбылаға қараған орын. Бұл арада қасиетті орын мағынасында.

2Ғазір, ғүзір (арабша) – бір істі істеуге мүмкіндік бермеген себеп мағынасында.