Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ОНЕГИН СӨЗІ»

«ОНЕГИН СӨЗІ»

(А.С.Пушкиннен)

1889

А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан 1889 жылы Абай аударған үзінді өлең.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Алғашқы рет 1945 ж. жарық көрген ақын шығармаларының 1 томдық толық жинағында жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстол. өзгерістер кездеседі. 1945, 1954 жылғы басылымдарда 5-шумақтың 1-жолы «Бүгін сүйсем, сені алсам — ертең жалығып» делінсе, 19571977 жылғы жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары негізінде бұл жол «Бүгін сүйсем, сені алсам — ертең жалқып» болып алынған. Ал, 194519541957 жылғы басылымдарда 5-шумақтың 3-жолы «Қуантып, қайғыменен суалтамын» болса, 1977 жылғы жинақта Мүрсейіт қолжазбалары бойынша бұл жол «Қуартып, қайғыменен суалтамын» деп қабылданған.

Өлең не жайында?

Абай бұл аудармасында Онегинді мейлінше қарапайым тілмен сөйлетеді. Бірақ, түпнұсқада бар бейнелі салыстыруды сақтап: «Жас қыз бен жас бәйтерек –бәрі бірдей, Жапырағы тұра ма жылда өзгермей?.. — деп келтіреді. Олжас қыздың алдында ақтарылып, ішкі сырын, бар шынын айтып салған деп түсіну, әрине, артық болар еді. Онда АбайдыңОнегинді,Пушкинменүндес шығып, түсін билеп, сыр бермейтін, кісіні не айтса да нандыратын, орны келсе, қамыққансып, қайғыратын адам деп сипаттағанын ескермеген болар едік. Онегин өзіне ғашықтық сезімін білдіріп хат жазған Татьянаның адалдығын, нанғыштығын бағалап, оған тоқтау айтып, менен гөрі сезіңді жақсы ұғатын жігіт табылар, ұстамды берік бол деп ақыл береді. Онегиннің бүгін сүйсем, сені алсам, ертең жалығамын, баянсыз еркектің біреуімін деген сияқты сөздерінде сыр ашудан гөрі сыпайылық басым секілді.

Қай жанрда жазылды?

Түпнұсқада 70, аудармада 44 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін:

Кірі жоқ, кіршігі жоқ мағыналарын.

Жасырмай, жастықпенен, нанғыштықпен

Айтыпты шыншыл тілің бар іңкәрін.

Жасырмай жас жүректің жанған жайын,

Айтуға тілің мұнша қайдан дайын?

Жанып, сөніп, суынып қалған көңілім

Қобалжиды хатыңды көрген сайын.

Қалмаған Онегиннің ешбір бағы,

Өтіп кеткен жүректің отты шағы.

Мінсіз тілмен сөзіңді жазыпсың-ақ,

Ұнатпаған жерім бар сүйтсе-дағы.

Болса да сән-салтанат, қызық, әсем,

Тез жалығып айнимын, тұрлауым кем.

Сақтасар, ардақтасар кісі болсам,

Жалғанда сенен басқа жанды алмас ем.

Бүгін сүйсем, сені алсам – ертең жалқып,

Суып қайтар көңілім желше шалқып.

Қуартып, қайғыменен суалтамын,

Біреудің қызыл гүлін тұрған балқып.

Құдайдың толып жатыр күні бүгін,

Жігіттің тани алмай кемшілігін.

Бір алып, қадірлемей, тастап кеткен

Тартып жүр қиянатшыл ер күйігін.

Түксиген өзі суық, сөзі суық,

Келерлік бір жері жоқ жанға жуық.

Өзі антұрған, қазымыр, қатыны – сорлы,

Екі өмірдің лайлап суын тұнық.

Сол баянсыз еркектің біреуі – мен,

Жамандығым жақсымнан екі еседен.

Жүрек кірсіз, тіл мінсіз, мінезің – гүл,

Не боласың осындай ерменен сен?

Жаңғырмас өткен өмір, біткен мінез,

Лайықсыз кісіге болыпсыз кез.

Сені жақсы көрейін бірге туған

Ағаңдай, онан басқа жоқ менде сөз.

Жас қыз бен жас бәйтерек – бәрі бірдей,

Жапырағы тұра ма жылда өзгермей?

Менен гөрі сөзіңді жақсы ұғушы,

Кетер деме ер жігіт бір кез келмей.

Бұл сөзде ақыл да бар, ғибрат та бар,

Өзіңе екіншіде пайда болар.

Ақылменен ойласаң тоқтау қылып,

Сүйкімді менен артық жан табылар.