Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КӨҢІЛІМ ҚАЙТТЫ ДОСТАН ДА, ДҰШПАННАН ДА»

«КӨҢІЛІМ ҚАЙТТЫ ДОСТАН ДА, ДҰШПАННАН ДА»

1886

Абайдың сол тұстағы әр қилы ортаның, алуан түрлі адамдардың жай-күйін бақылап, олардың ішкі арман-аңсарына үңіле отырып, елінің қамын ойлап,  қайраткерлік қажыр танытқан, азаматтық үнін естірткен өлеңі.

Қашан жазылды?

Бұл өлеңді Абай 1886 жылы қырықтан асқан шағында жазған.

Қайда жазылды?

11шумақтан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлең алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (1-бөлік. Халық туралы, 8-бет). 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбаларын салыстыру негізінде 5-шумақтың 3-жолындағы «айтып» — «айтқан», 6-шумақтың 4-жолындағы «ұлықтан» — «үлкеннен», 7-шумақтың 2-жолындағы «тыя алмай» — «қыра алмай» деп алынып, ақынның кейінгі жинақтарына енгізіліп жүр.

Өлең не жайында?

Ақынның бұл шығармасында 1884 жылы болыс сайлауы кезінде өз басынан кешкен көңілсіз уақиға, сол сайлаудан кейін онан сайын өрши түскен, елдің берекесін кетірген ру тартысы, атқамінер әкімдердің әрекеті, ұрлық-қарлық, елдің азып-тозуы суреттеледі.

М.Әуезовтің айтуынша, «Абай осы тұстан халқының қалың көпшілігі – орташа шаруаның жоқшысы, жаршысы бола бастайды». Біреулердің билікте табан тіреп тұра алмауы, ұры-қараның көбеюі, телі-тентектердің заң алдында сұралмауы, туған-туысқандардың бір-бірінің сөзін құп алмауы, құда-жекжат, дос-жаран, қатын-баланың бір қалыпта бола алмауы, жұрттың көбінің не пайдалы, не залал екенін біле алмауы, шаруаның не жаз жайлауда, не күз күзеуде, не қыстауда оңалмауы, жасы кішілердің үлкеннен ұялмауы, тіленшектердің нәпсісін тыя алмауы ақын назарын аударған.

Қай жанрда жазылды?

Өлең әрқайсысы 4 тармақты 11 шумақтан тұрады. Бастапқы 3 шумағы -а, -а, -б, -а түрінде өзінше ұйқасқан да, қалған шумақтар жыр, толғау үлгісінде келетін шұбыртпалы бір-ақ ұйқаспен жазылған. Бұл өлеңді саяси лирикадағы дидактикалық сатира деуге болады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ, ұйғыр, татар тілдеріне аударылған.

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда?

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға1 қисайғанда.

Мұнан менің қай жерім аяулы деп,

Бірге тұрып қалады кім майданда?

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,

Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.

Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,

Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,

Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.

Ел аулақта күш айтқан, топта танған,

Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.

Естілер де ісіне қуанбай жүр,

Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.

Ала жылан, аш бақа күпілдектер,

Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр.

Бектікте біреу бекіп тұра алмай жүр,

О дағы ұры-қарды тыя алмай жүр.

Қарсылық күнде қылған телі-тентек,

Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,

Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр.

Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң –

Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,

Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр.

Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,

Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр,

Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.

Қыс қыстауың – қып-қызыл ол бір пәле,

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,

Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.

Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң,

Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?

1Жыға – батырлардың дулығасының төбесіне қадап қоятын зат. Ақын адам басынан бағы таюды, басына іс түсуді бейнелеп айтқан.