(М.Ю.Лермонтовтан)
1900
Абайдың М.Ю.Лермонтовтан «Измаил-бей» поэмасынан еркін аударылған нұсқасы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді аударған уақыты басылымдарда 1900 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Өлең не жайында?
Абай М.Лермонтов поэмасының кіріспесінен 12 жол аударған да, өз жанынан төрт жолдық тағы бір шумақ қосқан.
Қай жанрда жазылды?
Аударма шумақтардың мазмұны түпнұсқаға сәйкес, мағынасы дәл. Өлең өлшемі де жақын. Өлең 8-9 буынды шалыс ұйқас өрнегімен кестеленген. Аударма әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады, көлемі 16 жол. Өлеңнің соңғы шумағы түпнұсқада жоқ, Абайдың өзі қосқан сияқты.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Көңілдің күйі тағы да
Өмірсіз жанның алды ішін.
Аударды өлең жағына,
Нәпсінің сынған қайғысын.
Жат жерде елге қосылмай,
Сенімді доссыз жалтақтап,
Көк қанат бейіш құсындай,
Қу ағашқа қонақтап.
Ол бұтақтан қозғалмас,
Өкіріп дауыл, соқса жел.
Өзгеге бола жырламас,
Ыстық күнді жоқтар ол.
Жанымның жарық жұлдызы,
Жамандық күнде жарымсың.
Сөз болсын ескі ер сөзі,
Кейінгіге қалынсын.